Қоғам

Атыраудағы сотта төрт адамның сүйегін қазып алған сәттің видеосы көрсетілді

Судья Зарема Хамидуллина/фото: kursiv.media

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот өтіп жатыр.

Сотта куәлардан жауап алу аяқталып, істегі видеоматериалдарды қарауға көшті.

Оның ішінде Қарабалиндер отбасының төрт мүшесінің сүйегін қазып алу сәтінде түсірілген видео, мәйіттердің сол кісілерге тиесілі екенін жәбірленуші тарап растаған сәт түсірілген видео, оқиға орнын қарап-тексеру видеосы, Сәрсемәлиевтің Жангелдин ауылындағы әрекетін көрсеткен видео, Ақбаян Мұқанғалиева жауап берген видео, Сұлтан Сәрсемәлиевтен күдікті ретінде жауап алынғанда түсірілген видео бар.

Алайда істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина марқұмдардың сүйегін қазып алған кезде түсірілген видеолар әлеуметтік желіде жарияланбауы керек екенін ескертті. Судья мұның адамдардың психологиясына кері әсер ететінін атап өтті.

Атыраудағы трагедия | Сұлтан Сәрсемәлиев өлім жазасына да дайын | Бес баланы кім бауырына басты?

Қылмыстық іс

Сұлтан Сәрсемәлиев сот барысында Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпқа келіспеді. Сөзінше, мұндай әрекетке өзін қорғау үшін барған. Бұл жағдай абайсызда болғанын айтты.

Сондай-ақ қайын атасы Мақсот Қарабалинді 9 рет, Нәсіп Өтешқалиеваны 8 рет пышақтағанын, осылайша екеуін қасақана өлтіргенін мойындады.

Ал қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны 32 рет пышақтаған.