Жаңалықтар

Бір-ақ күн қалды: Қазақстанда БЖЗҚ жеткілікті шегі өзгереді

фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Зейнетақы қорындағы ақшаны шешіп алудың жаңа ережесі күшіне енуіне небәрі бір күн қалды. 5 маусымнан бастап шотыңызда қалуға тиіс ең төменгі соманың есептелу тәртібі өзгереді.

Егер қорыңызда жеткілікті шектен асатын ақша болып, оны ескі ережемен шешіп алғыңыз келсе, 4 маусымға дейін (бүгін қоса есептеледі) өтінім беріп үлгеруіңіз керек. Өтінімді enpf-otbasy.kz сайты арқылы беруге болады.

«Отбасы банкінің» ескертуінше, 5 маусымда әрі одан кейін түскен өтінімдердің бәрі жаңа, қатаңдау талаптармен қаралады.

    Еңбек министрі Асқарбек Ертаев бұған дейін жинақты баспанаға немесе емделуге жұмсау мүмкіндігі жойылмайтынын айтқан еді. Бірақ ол зейнетақы жүйесінің басты мақсаты – адамды қартайғанда ақшасыз қалдырмау екенін еске салды.

    Артық ақшаны неге жұмсауға болады?

    Заң бойынша ақшаны қолма-қол шешіп алып, жеке қажеттіліктерге жаратуға болмайды. Оны тек мына мақсаттарға пайдалана аласыз:

    • Баспана алу: жаңа немесе ескі пәтер, жеке үй немесе жер учаскесін сатып алу.
    • Ипотека: кез келген банктегі ипотеканың алғашқы жарнасын төлеу немесе бар қарызды толық/ішінаражабу.
    • Жалға алу: кейін өзіңізге сатып алу құқығымен үйді жалдау.
    • «Отбасы банкіндегі» депозит: артық ақшаны баспана алу үшін арнайы депозитке аударып, жинай беру.
    • Емделу: МӘМС (ОСМС) жаппайтын қымбат медициналық қызметтер мен емдерге төлеу.
    • Инвестиция: ақшаны қор нарығында көбейту үшін жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беру.

    Жаңа жеткілікті шек қалай есептеледі?

    5 маусымнан бастап шекті сома жаңа формуламен есептеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет «сізге зейнетке шыққаннан кейін қанша ақша керек болады және сол үшін қазір шотыңызда қанша сома жатуы тиіс?» дегенді алдын ала есептеп қояды. Жаңа шекті сомма бойынша толық мәлімет әлі де ресми түрде шыққан жоқ.

    Есептеу кезінде мына жағдайлар ескеріледі:

    • Сіздің қазіргі жасыңыз және зейнетке дейін қанша жыл қалғаны;
    • Адамның орташа өмір сүру ұзақтығы;
    • Ең төменгі мемлекеттік зейнетақы мөлшері;
    • Болашақта қорға аударатын жарналарыңыз бен одан түсетін табыс;
    • Төлемдердің жыл сайынғы өсуі.

    Бұған дейін, сарапшы зейнетақы жинақтары неліктен құбылып тұратынын түсіндіріп берген болатын.