
Екібастұз қаласында Орталық Азиядағы ең ірі цифрлық хаб – Data Center Valley жобасының құрылысы басталды. Қазақстанның «Силикон алқабына» айналатын бұл нысанның алғашқы кезеңі 2027 жылғы жазға дейін іске қосылады.
Он орталық салынады
Павладор облысы әкімдігінің мәліметінше, қазір бөлінген 177 гектар алқапта жерді тегістеу және аумақты қоршау сияқты алғашқы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Инфрақұрылымды дамыту үшін кіреберіс автокөлік жолының құрылысы да қолға алынған.
Құрылыс 2033 жылға дейін толық аяқталуға тиіс. Жоба бірнеше кезеңнен тұрады:
- Алғашқы кезең (2027 жылдың І жартысы): Қуаттылығы 125 МВт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығы іске қосылады;
- Келесі кезеңдер (2029–2033 жылдар): Аумақта онға жуық орталық салынып, жобаның жалпы қуаттылығы 1 ГВт-қа жетеді.
Жобаның негізгі операторы – «Қазақтелеком».
Оқыңыз: Halyk Bank «Қазақтелеком» басшысы, экс-министр Бағдат Мусиннің IT-компаниясын сатып алды

Бір жарым мың құрылысшы
Нысанға су Қаныш Сәтбаев атындағы канал арқылы жеткізіледі. Мұнда тәулігіне 2,3 мың текше метр су тұтынады.
Құрылыс қызған уақытта онда 1,5 мың адам жұмысқа тартылады. Нысан толық іске қосылғанда 250-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді.
Деректерді өңдеу орталықтары алқабы Екібастұзда салынатыны 2026 жылдың басында мәлім болды. Үкімет осындай шешім қабылдаған уақытта Павлодар өңірінде электр қуаты арзан екенін ескерген.
Осы хаб болашақта Microsoft және OpenAI сияқты технология алпауыттарымен бірлесіп, жасанды интеллект моделдерін дамытуға мүмкіндік береді. Бұған дейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірге Google, Meta, Apple сияқты IT алыптарын тартқысы келетінін мәлімдеген.