
Соңғы жылдары Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс көбейіп барады. 2025 жылы 2,5 мың жасөспірімге қылмыс жасады деген айып тағылған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30,5%-ға көп. Сонымен қатар 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында құқық қорғау органдары 665 жасөспірімді қолға түсірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға аз, бірақ олардың тең жартысына жуығы ауыр және өте ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінді.
Жасөспірімдер қылмысының өсуі кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын соттардың жұмысына да әсер етті. Finprom дерегінше, былтыр сотқа ісі түскен жасөспірімдердің шамамен 43%-ы ақталып шыққан. Судьялар 1,3 мың жасөспірімнің 564-іне қатысты қылмыстық істі тоқтатқан. Олардың ішінде жеңіл-желпі заң бұзушылықтар ғана емес, денсаулыққа зиян келтіру, ұрып-соғу, тонау, қарақшылық және бопсалау фактілері де бар. Бір жыл ішінде жасөспірімдерге қатысты сотта жабылған істердің саны 44,6%-ға, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы 12,1%-ға артқан.
Жасөспірімдерге қандай жаза қолданылады?
Кәмелет жасқа толмағандаға қылмыстық жазаның орнына көбіне тәрбиелік шаралар қолданылады. Оған ескерту жасау, пробациялық бақылау орнату, ал кейбір жағдайларда тәртібі нашар балаларға арналған арнайы мекемелерге (интернаттарға) жіберу жатады.
Дегенмен сотталған жасөспірімдердің де саны өскен. 2025 жылы елдің соттары 753 жасөспірімді кінәлі деп таныды, бұл бір жыл бұрынғыдан 20,3%-ға көп. Әсіресе, жеңіл қылмыстар мен ауыр және өте ауыр қылмыстардың өскені қатты байқалады. Бұл ретте сотталған барлық жасөспірімнің 70%-дан астамы (548 бала) адам өлімі мен жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық сияқты нақты ауыр және өте ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылған.
Айта кетейік, 24 сәуірде Макинск қаласында жасөспірім бұрынғы сыныптасын пышақтап кеткенін жазған едік.