Банк пен қаржы

Halyk Bank экс-министр Бағдат Мусиннің IT-компаниясын сатып алды

Мусин и Halyk Bank
«Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусинге тиесілі IT-компания сатылды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстан Халық Банкі (Halyk Bank) «Comrun» компаниясы акцияларының 100%-ына ие болды. IT саласында қызмет көрсететін осы компания «Қазақтелеком» басшысы, экс-министр Бағдат Мусинге тиесілі.

Тағы бір компанияның Halyk Bank иелігіне өткені туралы мәлімет Қаржылық есептілік депозитарийіне жолданған ақпаратта айтылған. Осылайша екінші деңгейлі ірі қаржы мекемесіне тиесілі активтер саны 17-ге жетті.

re:Kassa онлайн касса аппараты мен бизнесті басқару қызметін дәл осы «Comrun» компаниясы ұсынып отыр. Оның қожайындарының бірі – экс-министр Бағдат Мусин. Қазір «Қазақтелекомды» басқарып отырған топ-менеджердің IT-компанияны банкке қаншаға сатқаны әзірге белгісіз.

2025 жылы Halyk Bank пен re:Kassa төлем қызметі саласында стратегиялық әріптестік орнатқанын жариялап, күзде бірлескен өнімін ұсынған. Сол кезде олар POS-терминал мен онлайн-кассаны бір құралға біріктірген.

Adata мәліметінше, Comrun серіктестігі Beintech компаниясына тиесілі. Қожайындарының арасында кәсіпкер Данияр Асанов пен Beintech Kazakhstan жекеменшік компаниясы бар. Астана халықаралық қаржы орталығында 2025 жылғы қарашада тіркелген құрылымның құрылтайшысы – Бағдат Мусин. Компания Әлия Кенжебековаға сеніп тапсырылған.

2024 жылғы маусым айында Мусин «Қазақтелекомға» басшы болып келді. Оған дейін – 2020-2024 жылдары цифрлық даму, инновация және аэрокарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарған.

Halyk Bank-тің басты акционері – «АЛМЭКС» холдингі. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында банктің таза пайдасы 234,8 млрд теңге болды. Пайда үш айда 14,6%-ға азайған.