Жаңалықтар

Қазақстан араб кәсіпкерлерімен бірге контейнерлік кемелер құрайды

фото: Көлік министрлігі

Қазақстан араб кәсіпкерлерімен бірігіп, Бакудегі зауытта контейнерлік кеме құрылысын бастады. 2027 жылдың соңына дейін Каспий теңізінде жүк тасымалдауға арналған екі заманауи контейнерлік кеме дайын болуы керек деп хабарлайды Көлік министрлігі.

Жобаны «Қазмортрансфлот» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы мен Abu Dhabi Ports бірлесіп жүзеге асырып отыр.

«Жаңа кемелер Қазақстанның контейнерлік жүктерді теңіз арқылы тасымалдау мүмкіндігін кеңейтіп, тасымалдардың тиімділігін арттыруға және Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) бойындағы еліміздің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», – деп хабарлайды министрлік.

Бұдан бөлек «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Баку кеме жасау зауыты екі құрғақ жүк кемесін салуды жоспарлап отыр. Қазір кемелердің дизайндері пысықталып жатыр, 2028 жылы пайдалануға берілуі керек.

Контейнерлік кеме – жүкті тек арнайы стандартталған темір жәшіктермен яғни контейнерлермен тасымалдауға арналған теңіз кемесі.

Осы жылы сәуірде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ алты кеменің, оның ішінде екі контейнерлік кеменің құрылысын салу туралы келісім жасасты. Бұл кемелер Баку кеме жасау зауытында құрастырылады.

Тағы да оқыңыз: Қазақстанның ең үлкен кемесі Каспийге жіберілді