
Қазақстандағы жоғары оқу орындар үшін жаңа Ұлттық рейтинг әзірленеді. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова осы жобаның мән-жайын түсіндірді.
Спикердің сөзінше, осы жылы министрлік рейтинг әдістемесін дайындауды аяқтап, сынақ жобасын бастайды. Ал келесі жылдан бастап рейтинг ресми түрде іске қосылып, оны мемлекеттік тапсырысты орындау үшін қолданады.
«Мемлекеттік тапсырыс жоғары оқу орындарының дәрежесіне қарай орналасатын болады», – деді Гүлзат Көбенова.
Айта кетейік, Қазақстанда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының тағы бір ЖОО рейтингі жұмыс істейді. Дегенмен, бюджеттік гранттарды бөлу кезінде дәл осы министрліктің жаңа рейтингі шешуші рөл атқаратын болады.
Еске салайық, 2026-2027 оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. Гранттардың 60% инженерлік-техникалық, IT және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталды. Педагогикалық кадрларды даярлауға 21% бөлінді.