
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде (СЖРА) Дүниежүзілік банктің Қазақстанның тұрғын үй ипотекалық несиелеу нарығы бойынша зерттеу нәтижелері талқыланды.
Дөңгелек үстел СЖРА төрағасының орынбасары Әділ Құсмановтың төрағалығымен өтті. Іс-шараға Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC), Ұлттық банк, Ұлттық экономика министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» холдингі, «Отбасы банкі», Қазақстандық тұрғын үй компаниясы, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.
Құсманов азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытудан бөлек, баспананы қаржыландыру тетіктерін, соның ішінде жеке сектордың қатысуымен жетілдірудің маңызы зор.
Дөңгелек үстелге қатысушылар халықаралық тәжірибе мен Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, ипотека нарығын одан әрі дамыту жолдарын және тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды талқылады. Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сәйкес, соңғы он жылда Қазақстанның тұрғын үйді қаржыландыру нарығы айтарлықтай өсті.
Ипотекалық портфель көлемі жеті еседен астамға артып, жыл сайын елде 130 мыңға жуық ипотекалық несие беріледі. Сарапшылар азаматтардың өз баспанасын сатып алу мүмкіндігін кеңейтуде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің маңызды рөлін атап өтті.
Дүниежүзілік банктің бас экономисі Мартин Мелеки және IFC қаржы секторы бойынша аға маманы Екатерина Левитанская секторды одан әрі дамытудың әлеуеті жоғары екенін мәлімдеді. Олардың пікірінше, бұған қаржы нарығын цифрландырудың жоғары деңгейі, дамыған инфрақұрылым және сала қатысушыларының жинақтаған тәжірибесі ықпал етеді.
Сарапшылар басым міндеттер қатарына қолдау шараларының тиімділігін арттыруды және жеке капиталдың қатысуын кеңейтуді жатқызды. Пікірталас барысында қатысушылар қолданыстағы бағдарламаларды жетілдіру, ипотеканы қайта қаржыландыру құралдарын дамыту және капитал нарығының мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде пікір алмасты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша, Дүниежүзілік банктің тұжырымдары мен ұсынымдары ипотека нарығын дамыту тәсілдерін одан әрі жетілдіруге, баспананың қолжетімділігін арттыруға және Қазақстанның тұрғын үй секторына қосымша инвестициялар тартуға пайдаланылуы мүмкін екені атап өтілді.