
Қажылық парызын өтеген азаматтардың алғашқы легі қасиетті Медина қаласынан елге ұшып келді. Олар Сауд Арабиясына мамырдың ортасында барған.
Медина әуежайында азаматтарды Қазақстан қажылық миссиясының өкілдері шығарып салды. Мүфтият мәліметінше, миссия мен отандық туроператорлар қажыларға жан-жақты қызмет көрсетті.
«Олардың құлшылықтарын талапқа сай әрі қауіпсіз орындауына қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс атқарды. Қажыларға діни-ағартушылық, медициналық және ұйымдастырушылық қолдау үздіксіз көрсетілді», – деп таратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Алдағы күндері де қажылықта жүрген азаматтар бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен елге оралады.
2026 жылғы қажылық маусымына Сауд Арабиясы Қазақстанға 4 мың орын бөлді. Ресми рұқсат алған 14 отандық туроператор олардың сапарын ұйымдастырды.
Азаматтардың алғашқы легі қажылыққа 15 мамырда аттанды. Ал соңғылары 5 маусымда жолға шығады. Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан Джидда мен Мединеге тікелей рейстер қатынайды. Олардың Air Astana, SCAT және саудиялық Flyadeal әуе компаниялары орындап отыр.