
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде айтты.
Президенттің айтуынша, қазір Қазақстан жаңа тұрпатты елге айналып отыр.
«Біз біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түстік. Кейінгі жылдарды еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деуге толық негіз бар. Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе, қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті. Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады», – деді ол.
Сонымен қатар, азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеріп келеді.
«Халқымыз Әділетті, Мәдениетті, Таза және Қауіпсіз елде өмір сүруді қалайды. Сондықтан жұртымыз тәртіп бұзушылыққа, заңсыздыққа тұтас қоғам болып тосқауыл қоюда. Алайда, алдымызда тұрған жұмыс – өте ауқымды. Бұл жұмысты бәріміз бір ел, біртұтас халық болып міндетті түрде ойдағыдай орындаймыз»», – деді Тоқаев.
Айта кетейік, 1992 жылдан бастап 4 маусымда Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтіледі.