Жаңалықтар

Қуат Хамитов UFC жұлдызы Арман Царукянға қарсы жекпе-жек өткізеді

Қуат Хамитов пен Арман Царукян / фото: instagram

Қазақстандық танымал ММА файтері, 38 жастағы Қуат Хамитов шілде айында UFC жұлдызы, 29 жастағы Арман Царукянмен кездеседі. Қазақстан мен Армения өкілдері арасындағы айтулы текетірес 11 шілдеде Тбилисиде өтетін турнир аясында ұйымдастырылады.

Алайда жекпе-жек ММА ережесімен емес, америкалық элиталық RAF лигасының ережесі бойынша еркін күрестен және орта салмақта өтеді.

Царукянның күрестегі нәтижесі

UFC-дің жеңіл салмақтағы басты үміткерлерінің бірі Арман Царукян танымалдылығы қарқынды артып келе жатқан RAF лигасында еркін күрестен де бағын сынап тұрады. Қазіргі уақытта бұл ұйымда 5 рет боз кілемге шығып, барлығында жеңіске жеткен. Царукянның тобығынан қаққандардың қатарында PFL-дің экс-чемпионы Лэнс Палмер, UFC-дің бұрынғы үміткері Юрай Фэйбер, сондай-ақ кәсіби балуандар Джорджио Пуллас пен Киллон Джимисон бар.

RAF лигасындағы қазақстандықтар

Қуат Хамитов бұл ұйымда бағын сынайтын үшінші қазақстандық атанбақ. Бұған дейін лигада еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан екі кездесу өткізіп үлгерді. Сондай-ақ жақында ғана UFC-де өнер көрсететін отандасымыз Асу Алмабаевтың да RAF-пен келісімшартқа отырғаны белгілі болған еді.

Айта кетейік, Қуат Хамитов пен Арман Царукян бұған дейін 2025 жылдың соңында ММА ережесі бойынша кездесуді жоспарлаған, бірақ ол жекпе-жек белгілі бір себептермен өтпей қалды.

Турнирдің басты жекпе-жектері

Тбилисидегі RAF турнирінің маңызы өте жоғары. Кештің басты оқиғасында (main event) UFC-дің экс-чемпиондары Мераб Двалишвили мен Генри Сехудо еркін күрестен күш сынасады. Ал оның алдындағы жекпе-жекте Олимпиада чемпиондары Абдулрашид Садулаев пен Кайл Снайдер боз кілемде кездеседі.

RAF (Real Athletic Fights) – ММА шеберлері мен танымал спортшыларды еркін күрес ережесі бойынша кездестіретін америкалық танымал спорт лигасы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еркебұлан Тоқтар америкалық Джейк Полдың бокс лигасында өнер көрсетуі мүмкін екенін жазған едік.