
Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсеновтың ұлы Урмат Үсенов Алматыдағы тергеу изоляторында отыр. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасап Kaktus.media хабарлады.
Редакция мәліметінше, Урмат Үсеновпен бірге Қырғызстанның екі азаматы және тағы бір Қазақстан азаматы трансұлттық топ құрып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан деген күдікке ілінген. 10 наурызда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктілерді екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берді.
Оларды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі және 214-бабы 2-бөлігі 1-тармағы ( «Қылмыстық топ жасаған заңсыз кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру») және 264-баптың 1-бөлігі («Трансұлттық ұйымдасқан топты немесе трансұлттық қылмыстық ұйымды құру, сол сияқты оған немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету») бойынша айыптап отыр.
Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары трансұлттық топ 26 миллион теңге шығын келтірді деп тапқан. Күдіктілерден салмағы 1,6 тоннадан асатын, құны 46 миллион теңге кальян табагы тәркіленген.
Данияр Үсенов – 2009-2010 жылдар аралығында Құрманбек Бәкиев президент болғанда, Қырғызстанның министрлер кабинетін басқарды. 2010 жылы сәуірде елде жаппай наразылық акциялары болып жатқанда отставкаға кетті. Кейін БАҚ оның шетелге қашып кеткенін жазған. 2013 жылы 10 маусымда Қырғызстан соты «бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергені үшін» оны сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Тағы да оқыңыз: Қырғызстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшесі болды: Тоқаев Жапаровты құттықтады