
Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 2026 жылдың 4 маусымында Қарабалиндер отбасының малын баққан тұрғыннан куә ретінде жауап алынды.
Куәнің айтуынша, 2025 жылдың қарашасында Мақсот Қарабалиннің қой кезегі келген. Куә орнына қой бағып, кешкісін ақысын Kaspi қосымшасы арқылы алған.
«Малын күнделікті бағып отырдым. Қой, ешкі, баспақ… 25-і күні қырдағы малы келді. Қыс бойы, екі ай соны да бақтым. Үйінде үш сиыры бар. Жалпы 7 сиыр. Наурызға ақша керек болғанда жазып тұрдым, сол кезде аударды. Күнделікті ақша аударған жоқ. 2026 жылдың 25 қаңтарына дейін бағып бердім. Екі ай жұмысыма бір баспақ береді деп келістік.
(2025 жылдың) 15-20 қарашада арасында Наурыз «шешем ауырып жатыр» деп, операцияға ақша керек деп жазды. Мал сатамын, сатып алатын адамды өзім жіберемін деді. Тек көрсетіп беруімді сұрады. Кісілер келді, өздері екеуара келісті, менің қатысым жоқ», – дейді куә.
Куә телефонның арғы жағында хабарламаны Наурыз Мұқанғалиев жазып жүрген деп ойлаған.
Бұған дейін сотталушының әкесі Самиғолла Сәрсемәлиев пен анасы куә ретінде сотқа қатысты.