
Алматыда қоғамдық көлік жүйесі жаңа бағыттармен, заманауи техникамен толықпақ. Мегаполисте 6 маусымнан бастап екі жаңа №134 және №140 маршрут іске қосылады.
Қала тұрғындары үйреніп қалған дәстүрлі жасыл автобустардың орнына қанық қызыл түсті автобустар шығады.
Бюджетке салмақ салмайтын жеке инвестиция
Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа бағыттарды «NomadBus» ЖШС жеке тасымалдаушысы қолданысқа енгізеді. Автобустарды сатып алу толығымен тасымалдаушының жеке инвестициясы есебінен қаржыландырылған, яғни қала бюджетінен ешқандай қаражат жұмсалмаған.
Аталғакн бағыттар бойынша «Yutong» маркалы 23 жаңа автобус қызмет көрсетеді. Ұзындығы 12 метр, едені төмен орналасқан заманауи электрлі автобустарға 90 жолаушыға дейін сыяды. Сондай-ақ жаңа жылжымалы құрам жайлылығымен, жол үстінде бірқалыпты жүруімен, қауіпсіздік пен экологиялық талаптарға толық сай келуімен ерекшеленеді.
Жаңа бағыттардың қозғалыс кестесі мен сызбасы
Жаңадан ашылған маршруттар қаланың солтүстік және оңтүстік бөліктерін байланыстырып, алматылықтардың ауруханаларға, университеттер мен мектептерге қатынауын едәуір жеңілдетпек.
№134 бағыт «Алматы-1» теміржол вокзалы мен Төле би көшесінің батыс шетіндегі «Автостанцияны» байланыстырады. Бағыттың жалпы ұзындығы шамамен 40 шақырымды құрайды. Автобустар күн сайын таңғы сағат 05:50-ден түнгі 23:00-ге дейін қатынайды.
№140 бағыт «Райымбек батыр» метро станциясынан бастап, «Таулы Алып» шағын ауданының соңғы аялдамасына дейін жүреді. Бағыттың ұзындығы – 18,4 шақырым. Бұл автобустар да күнделікті таңғы 05:55-тен түнгі 23:00-ге дейін жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда автобус жолақтар көбейетінін жазған едік.