Жаңалықтар

Астанадағы LRT нысандарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Астанада LRT-дағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Астанада LRT-дағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді/ фото: kursiv.media

Көліктегі полиция департаменті Астанадағы LRT нысандарында қауіпсіздік шараларын күшейтті. Күн сайын станциялар мен пойыздарды 100-ден астам қызметкер күзетеді.

Polisia.kz мәліметінше, бүгінгі күні орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 60-70 мың адамнан асады. Мереке және демалыс күндері бұл көрсеткіш екі есеге артады.

Осыған байланысты азаматтардың станцияларда да, жылжымалы құрамда да өздерін толық қауіпсіз сезінуін қамтамасыз етуге баса назар аударылып жатыр.

Күн сайын көлік полициясы мен Ұлттық ұланның 100-ден астам қызметкері станциялар мен пойыздарды патрульдеп, профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

«Жалпы, LRT қауіптілігі жоғары аймаққа жатады. Сондықтан жолаушылар арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру  зор маңызға ие», – көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов.

Сонымен қатар ықтимал төтенше жағдайларға уақытылы ден қою, ақпарат алмасуды қамтамасыз ету және полиция қызметкерлері мен LRT мамандарының іс-қимылдарын үйлестіру мақсатында бірыңғай радиобайланыс жүйесі ұйымдастырылған. 

«Жолаушылар станциялар мен вагондарда қажет болған жағдайда полиция қызметкерлерінің дереу көмекке келетініне сенімді болуы тиіс», – деді Теміржан Рамазанов.

Айта кетейік, 16 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жұмысын іске қосты. Екі аптада LRT миллион жолаушыны тасымалдады.