
Астананың жергілікті бюджетінің жалпы шығыны 1 трлн 483 млрд теңге болды. Бұл туралы қаланың Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева айтты.
Қала қазынасына түскен қаражат 111,4 млрд теңгеге дейін артқан. Оның 86,4 млрд теңгесі салық түсімдерінен жиналған.
«Қала белсенді дамып жатыр, орта есеппен экономика өсімі 10% деңгейінде. Халық саны орташа 7,5%-ға көбейді. Құрылыс секторында белсенділік 8,2%-ға артты. Көлік және логистика саласында өсім 30%-ды құрады. Сауда көлемі 3%-ға өсті», – деді қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысында.
Оның айтуынша, жыл басынан бері қоғамдық көліктің субсидияланатын бағыттар саны 110-ға дейін көбейіп, жолаушылар ағыны 12%-ға артқан. Биыл қалада 30 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ұзындығы 7,6 шақырым болатын жол учаскелерінің құрылысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ тазарту құрылыстары мен техникалық су құбырының құрылысы жалғасады.
Ал LRT-нің жекелеген станциялары мен қаланың шеткері аудандарын ретке келтіруге аудан әкімдерінің аппараттарына қосымша 18,3 млрд теңге бөлінеді.
Бұған дейін, Астанада LRT атауы өзгеретінін хабарлағанбыз.