Банк пен қаржы

Базалық мөлшерлеме түскен уақытта доллар қымбаттай бастады

Доллар бағамы қайтадан көтеріліп жатыр / фото: shutterstock

Ұлттық банк 5 маусымда базалық мөлшерлемені 17%-ға дейін түсіру туралы маңызды шешім қабылдаған күні доллар айтарлықтай қымбаттады. Түскі сағат 12:30-да KASE-де 1 доллар 488,60 теңге болды.

Бір күн бұрын – 4 маусымда Қазақстан қор биржасында (KASE) АҚШ валютасының саудасы 484,70 теңгемен жабылған. Енді бүгін доллардың шамамен 4 теңгеге қымбаттағанын көріп отырмыз.

Елдегі валюта айырбастау мекемелері көк қағазды 490 теңгеден саудалай бастады. kurs.kz мәліметінше, қазір Алматы қаласындағы ақша айырбастайтын пунктер 1 долларды 488,5 теңгеден қабылдап, 490 теңгеден сатып жатыр. Астанадағы бағам: 483 және 490 теңге.

Айта кетейік, 2026 жылғы сәуірдің аяғында доллар 459 теңгеге дейін арзандаған. Содан бері бір айдан астам уақыттың ішінде ұлттық валюта шамамен 30 теңгеге құнсызданды.