
ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мамыр айының қорытындысын жариялады. Ведомство мәліметінше, өткен айда тергеуі аяқталған істер бойынша мемлекетке 1,5 млрд теңге залал келтірілген.
Есепті кезеңде барлығы 83 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген. Әшкереленген қылмыстардың басым бөлігі пара алу, тонау және алаяқтық деректеріне қатысты болып отыр. Жедел тергеу амалдарының нәтижесінде бұл қылмыстық істер бойынша 45 адам күдікті деп танылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі өндірісіндегі 85 қылмыстық істің тергеуі толық аяқталды. Оның ішінде 66 материал сотқа жолданды.
Тергеуі аяқталған істер бойынша анықталған шығын көлемі 1,5 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда мемлекетке келген залалдың 835,3 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.
Бұдан бөлек, бағасы 11,2 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды.
Айта кетейік, бұған дейін Көкшетауда 211 млн теңге жымқырған мердігер қамауға алынғанын жазған едік.