Жаңалықтар

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының бұрынғы басшысы қамауға алынды

Фото: World Nomad games

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының бұрынғы жетекшісі Наиль Нұров аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

Мәліметтерге сүйенсек, 59 жастағы экс-шенеунік Астана қаласының тергеу изоляторында отырғанына екі аптаға жуықтаған.

Істің мән-жайы: не үшін айыпталып жатыр?

Наиль Нұров 2024 жылы Қазақстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстарын басқарған болатын. Шара аяқталғаннан кейін, құзырлы органдар тарапынан кейбір нысандардың құрылысына қатысты сұрақтар туындаған.

Тергеу нұсқасы бойынша дирекция басшысы құны 500 млн теңгеден асатын этноауылды тұрғызу туралы келісімшарт жасаған. Осыдан кейін мердігерден жоба құнының 10 пайызы көлемінде ақша талап еткен. Құқық қорғау органдары ақшаның Нуровқа қолма-кол берілгені туралы дәлелдер тапқан. Сондай-ақ мердігер компания шенеуніктің жеке пайдалануына арналған темір күрке орнату шығындарын да өз мойнына алған.

Тергеу амалдарының алдын ала қорытындысы бойынша дирекция жетекшісі жалпы сомасы кем дегенде 40 млн теңге көлемінде пара алған деп есептеледі.

Наиль Нұров отандық спорт менеджменті саласында көп жылдық тәжірибесі бар тұлға. Ол бұған дейін бірқатар ірі спорттық нысандарды басқарып, ауқымды халықаралық шараларды ұйымдастыруға жауапты болған. 2011 жылы – VII қысқы Азия ойындарын (Азиада), 2017 жылы – Алматыда өткен 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізуге жетекшілік еткен.

Қазіргі уақытта сот шешімімен күдіктіні 2 ай мерзімге қамауға алу бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Айта кетейік, биыл VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтеді.