
Threads әлеуметтік желісінде k.azimkhanovaa есімді қолданушының жазбасы көпшіліктің назарын аударып, пікірталас тудырды. Дүкен сөресінде тұрған энергетикалық сусынын суретке түсіріп:
«Осы неге энергетиктерге халал сертификатын береді екен, денсаулыққа зиян затты халал деп есептеу қаншалықты дұрыс?» деген сұрақ қойды.
Бұл жазбаның астына ҚМДБ-ның «Халал Даму» орталығы ресми жауап беріп:
«ҚМДБ «Халал Даму» орталығы энергетикалық сусындарға сертификат берген емес, бермейді де!» деп кесіп айтты.
Осыдан кейін тұтынушылар арасында «Сонда құты сыртындағы халал белгісі қайдан келген және энергетикалық сусындар шынымен халал ма?» деген сұрақ туындады. Kursiv Media мәселенің анық-қанығына үңіліп, Қазақстандағы сертификаттау жүйесін саралап көрді.
«Халал Даму» энергетиктерге сертификат бермейді
Жоғарыда айтқандай, «Халал Даму» энергетикалық сусындарға ешқашан сертификат берген емес және бермейді де.
ҚМДБ бекіткен шариғат үкімдеріне сәйкес, энергетикалық сусындарға қатысты мынадай тұжырым жасалған:
- Егер сусынның құрамында шариғатта тыйым салынған (харам) заттар болса, оны тұтынуға болмайды.
- Алкоголь қосылған энергетикалық сусындар – анық харам.
- Алкогольсіз энергетикалық сусындардың құрамында харам заттар болмаса, оны ішу тікелей харам деп есептелмейді, бірақ оның денсаулыққа тигізер зияны зор. Шариғат адам ағзасына уақытша немесе тұрақты зиян келтіретін өнімдерден бас тартуға шақырады.
Gorilla сусынындағы таңба кімдікі?
Сонда «Gorilla» сусынының құтысында тұрған халал белгісі қайдан келген? Нарықтағы мәліметтерге сүйенсек, өнім Қазақстанның Халал Индустрия Қауымдастығы тарапынан сертификатталған.
Қазақстанда халал өнімдерді стандарттаумен бір ғана ұйым айналыспайды. Бүгінде нарықта өтінім қабылдайтын бірнеше негізгі ұйым бар. Олар:
- «ҚазСтандарт» республикалық кәсіпорны (Ұлттық аккредиттеу орталығынан өткен)
- Қазақстанның Халал Индустрия Қауымдастығы (AHIK)
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы («Халал Даму»)
- «Halal Quality Center» ЖШС
Қазақстанның Халал Индустрия Қауымдастығы өнімді сертификаттау кезінде оның лабораториялық құрамына, ішінде спирттің, шошқа майының немесе басқа да харам қоспалардың (мысалы, рұқсат етілмеген химиялық элементтердің) бар-жоғына баса назар аударатынын айтады. Ал Gorilla сусынының құрамы химиялық және шариғи тұрғыдан таза (яғни, құрамында тыйым салынған мас қылатын немесе харам заттар жоқ) деп танылғандықтан, қауымдастық өнімге сертификатын берген.
Бір ұйым өнімнің тек «техникалық және химиялық тазалығына» (құрамында харам заттардың болмауына) қарап сертификат берсе, екінші ұйым (ҚМДБ) өнімнің адам денсаулығына тигізетін жалпы зиянын ескеріп, энергетиктерді сертификаттаудан мүлдем бас тартады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Kursiv Media халал сертификатын қалай сатып алуға болатынын жазған еді.