Жаңалықтар

Қазақстан күнбағыс майын экспорттаудан әлемдегі ТОП-3 елге кіруі мүмкін

Қазақстан өсімдік майын экспорттаудан әлемдегі ТОП-3 елге кіруі мүмкін
Қазақстан өсімдік майын экспорттаудан ТОП-3 елге кіруі мүмкін/ фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемдегі ең ірі үш елдің қатарына кіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «FOC 2026» конференциясында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Вице-премьердің сөзінше, қазірдің өзінде Қазақстан күнбағыс майының экспорты бойынша әлемде 6-орынды иеленіп отыр. Әсіресе, Қытай нарығында отандық өнім жеткізілім көлемі жағынан 2-орында тұр. Сондай-ақ, Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінде де позициямыз өте мықты.

«Біз май өнімдері экспортын дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асырып жатырмыз. Басты мақсатымыз саланың валюталық түсімін 1,5 миллиард доллардан асыру, еліміздің күнбағыс майын экспорттаушылар арасындағы орнын нығайту және әлемдік ТОП-3 көшбасшының қатарына кіру», – деді Серік Жұманғарин.

Май өндірісінің өсуіне не әсер етті?

Министр саланың дамуына түрткі болған бірнеше негізгі факторды атап өтті. Оның айтуынша, ең алдымен елдегі егіс алқаптары айтарлықтай кеңейген.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын майлы дақылдар алқабының көлемі 4 миллион гектардан асады дегенге сену қиын еді. Ал бүгін нәтижеге қол жеткізгенімізді көріп отырмыз», – деді ол.

Сонымен қатар өндіріске заманауи технологиялар енгізіліп, агрономияға қойылатын талаптар артты. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Салыстырмалы түрде айтсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл қолдау небәрі 140 миллиард теңгелік бюджеттік несиеден ғана басталған.

Айта кетейік, Қазақстан май өңдеп сатып, шамамен 1 млрд доллар табыс тапты.