Жаңалықтар

Қазақстан май өңдеп сатып, шамамен 1 млрд доллар табыс тапты

Фото: Сауда министрлігі

Бүгін Астанада «FOC 2026: Fats and Oils Conference» халықаралық конференциясы өтті.

Жиынға әлемнің 18 елінен 330-дан аса делегат қатысып, май өңдеу өнеркәсібінің даму үрдісі мен болашағын талқылады.

Форумда Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов май өңдеу саласының жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызы артқанын атап өтті.

Министрдің орынбасары Қазақстан біртіндеп шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге, терең өңдеуді дамытуға және жаңа экспорттық нарықтарды игеріп жатқанын жеткізді. Бүгінде нақты нәтиже де бар.

«Мысалы, былтыр Қазақстан күнбағыс майын экспорттау көлемі жөнінен әлемде алтыншы орынға көтерілсе, Қытай нарығында екінші орынды иеленді. Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі алғаш рет 1,57 млн тоннадан асып, экспорттық түсім 963 млн долларға жетті. Бұл рекордтық көрсеткіш болып саналады», – деп жазылған хабарламада.

Фото: Сауда министрлігі

Сонымен қатар елде күнбағыс майын өндіру қарқынды дамып келеді. Соңғы төрт жылда оның өндірісі 2,3 есеге артып, 752 мың тоннадан асты. Осылайша, Қазақстан ішкі нарықтағы импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетті.

Терең өңделген өнім өндірісінің ұлғаюы мал, құс шаруашылығы, құрама жем өндіру және тамақ өнеркәсібі сияқты сабақтас салалардың дамуына оң әсер етеді.

Халықаралық сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары өсімдік майының әлемдік нарығы тұрақты өсімін сақтайды. Қазір жаһанда жыл сайын 220 млн тоннадан аса өсімдік майы тұтынылады әрі көрсеткіштің одан әрі ұлғаюы күтіледі.

Бұл Қазақстан үшін жаһандық азық-түлік нарығындағы өз позициясын нығайтуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Бұған дейін, сауда министрлігі гонконгтық әріптестермен бизнес саласында байланысты нығайтқалы жатқаны хабарланған.