Жаңалықтар

«Соғысты өзіміз бітірейік»: Зеленский Путинге ашық хат жолдады

Украина президенті Владимир Зеленский
фото: Украина президентінің баспасөз қызметі

Украина басшысы Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жолдады. Құжат Украина президентінің ресми сайтында жарияланған.

«Осыдан 26 жылдан астам уақыт бұрын Ресейді басқарған кезде, Украинадағы көптеген адам сізге оң көзқараспен қараған еді. Солай болғаны рас. Бірақ ол уақыт өтіп кетті. Ресейдегі 26 жылдық билігіңіздің жартысына жуығын Украинаға қарсы соғыспен өткіздіңіз. НАТО, геосаясат және орыс тілі туралы не айтсаңыз да, бұл соғыс – сіздің жеке таңдауыңыз, еш себепсіз басталған соғыс. Тарихта да дәл солай қалады», – деп жазады ол хатында.

Хатында президент соғыстан «Ресей көбірек зиян шегіп жатқанын» жазады. «Ел тұрғындарына біздің дрондарымыз бен зымыранымыз, жанармай тапшылығы мен бітпейтін шектеулер ұнамайды» дейді.

Зеленскийдің мәліметінше, мамырда соғыс шебінде 30 мыңнан аса ресейлік өлген немесе ауыр жараланған. Бірнеше ай бойы осы көрсеткіш сақталып келеді. «63%-ы өлгендер, 37%-ы ғана жараланғандар» деп жазады ол. Сөзінше, ары қарай да шығын арта түседі.

«Біз АҚШ-тың Иран мәселесіне көбірек көңіл аударып жатқанын көріп отырмыз. Енді Еуропадағы соғысқа қашан назар аударады деп жай ғана күтіп отырудың қажеті жоқ. Украина соғыста өз арамызда бітіруді ұсынады», – дейді Украина басшысы.

Зеленский ұсыныстары

Хатында Зеленский Путинге бірнеше ұсыныс айтады.

  • Нақты мерзімді белгілеп, Мәскеу мен Киевтен басқа елде кездесу өткізу. Ол Швейцария, Түркия немесе Араб елдері болуы мүмкін.
  • АҚШ немесе Еуропаның кепіл болуы
  • Қазіргі соғыс шебінде ұрысты тоқтату. «Қазіргі шеп – дипломатия басталуы қажет сызық. Келіссөздер жүріп жатқанда Украина толығымен оқ атуды тоқтатуға дайын», – деп жазады Зеленский.
  • Барлық тұтқындарды айырбастау

Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Зеленскийдің хаты Путинге ресми түрде дипломатиялық каналдармен берілетінін және дәл сондай мазмұнды жауап күтетінін хабарлады.

Бұған дейін көктемде Зеленский Ресейдің қатысуымен келіссөздер өткізуге ниеттенген. Ол үшін АҚШ делегациясын Киевке шақырған еді.