Жаңалықтар

Тараз – Шымкент ақылы жолында орташа жылдамдықты бақылау қайта іске қосылды

Фото: KursivMedia мұрағаты
Фото: KursivMedia мұрағаты

2026 жылғы 5 маусымнан бастап «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Тараз – Шымкент ақылы автожол учаскесінде көліктердің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі қайта жұмысын бастады.

Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге жолдағы жылдамдық шектеулерін қатаң сақтауды ескертті.

«Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жол қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және республикалық маңызы бар трассаларда жүргізушілердің тәртібін жақсартуға бағытталған», – делінген хабарламада.

Жүйе көліктің бақылау аймағына кірген және шыққан уақытын есептеу арқылы орташа жылдамдықты анықтайды. Егер белгіленген жылдамдық нормасы асса, ақпарат заңнамаға сәйкес шара қолдану үшін уәкілетті органдарға жіберіледі.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді жол белгілеріне мұқият болып, қауіпсіз жылдамдықты сақтауға және жол жағдайын ескеруге шақырды.

Жамбыл облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Қайнар – Тараз және Тараз – Шымкент ақылы жол учаскелерінде рұқсат етілген жылдамдық сағатына 120 шақырым болып белгіленді. Өзгеріс 19 мамырдан бастап күшіне енген.