
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға заңды құрметтеу және заңға бағыну қағидаларын қарапайым тілмен түсіндіруді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысы «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда айтты.
«Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Барша азаматқа, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн», – дейді Тоқаев.
Сот жүйесі
Сондай-ақ президент кейінгі жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылғанына тоқталды.
«Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз. Осылайша, қоғамымыз «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікірден арыла бастады», – дейді президент.
Елде инвестициялық дауларды шешу үшін қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасқан. Соның арқасында сот шешімдерінің 80 пайызына жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр.
Айта кетейік, президент бірқатар конституциялық заңға қол қойды.