Авто

Яндекс пен InDrive-қа бәсекелес бола ма: Алматыда Green SM сервисі іске қосылады

Алматыда вьетнамдық Green SM электротакси сервисі іске қосылмақ / Фото: youtube.com/@blogg_otaxi

Вьетнамдық Green SM сервисі Қазақстан такси нарығына шығу жоспарын таныстырып, Алматыда алғашқы тұсаукесерін өткізді. Бұл туралы такси блогері Юсуф YouTube арнасында хабарлады.

Компания жұмыс шарттарын, бонус жүйесін және VinFast VF6 электромобильдерін жалға беру бағдарламасын таныстырды. Алайда жүргізушілерде сервис жұмысына қатысты бірқатар сұрақ туындады.

Green SM не ұсынады

Кездесу барысында компания өкілдері сервис тек өздерінің VinFast электромобильдерімен жұмыс істейтінін айтты. Жүргізушілерге 17% комиссия ұсынылып, қалған 83% табыс өздерінде қалатыны хабарланды.

«Біз таксопарктермен жұмыс істемейміз, біз тікелей жүргізушілермен жұмыс істейміз», – деді Green SM өкілі.

Агрегатор апта сайын төлем жүйесін ұсынып, электромобильдерді күніне 11 мың теңгеден жалға беруді жоспарлап отыр. Сонымен бірге жүргізушілерге қызмет көрсету стандарттары бойынша оқыту жүргізіледі.

Жүргізушілер жобаға әлі сеніммен қарамайды

Қолайлы шарттарға қарамастан, қатысушылардың кейбірі жобаға күмәнмен қарайды. Азаматтар компания әлі қосымша жұмысын көрсетпегенін және іске қосылуға қатысты маңызды мәліметтер толық ашылмағанын атап өтті.

Кейбірі жоба таныстырылымы автотұрақта ғана, еш жарнамасыз өткеніне күмәнмен қарады. Бірқатар пікір иелері жаңа сервис Яндекс Такси пен InDrive-қа мықты бәсекелес бола алады дегенге сенбейтінін жазды.

«Яндекс оны түбімен ығыстырып тастайды», деп жазды пайдаланушылардың бірі.

Сондай-ақ компания технология мен экология туралы көп айтқанымен, сервистің нақты жұмыс істеу тетіктері толық түсіндірілмегені айтылды. Кездесуге қатысқандардың бірі жүргізушілерден 50 мың теңге депозит талап етілуі мүмкін екенін жеткізген. Алайда бұл туралы Green SM тарапынан ресми түсініктеме жарияланбаған.

Green SM Яндекс Таксиді ығыстыра ала ма

Green SM-нің артында VinFast автокөліктерін шығаратын ірі вьетнамдық VinGroup холдингі тұрғанын ескерсек, жаңа ойыншының Қазақстан нарығына шығуы елеулі оқиға болуы мүмкін.

Алайда негізгі сұрақ комиссия мен жалдау бағасында емес. Ең маңыздысы – жаңа сервис жеткілікті тапсырыс тарта ала ма және нарықтағы жетекші ойыншылармен бәсекелесе ала ма, ол уақыт еншісінде.

Айта кетейік, Қазақстанда электрокөліктер мен гибридтер нарығының саудасы қызып тұр. NEV (New Energy Vehicles) сегментіндегі автомобильдер саудасы төрт айда бес есеге жуық өсті.