
Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумда АВТОВАЗ бірнеше жаңа моделін таныстырды. Компания көпшілік назарына Lada Iskra седанының жарысқа арналған нұсқасын және жаңартылған Lada Niva Legend жол талғамайтын көлігін ұсынды.
Көліктегі ең басты техникалық жаңалықтардың бірі – капот астына жаңа 1,8 литрлік бензин қозғалтқышының орнатылуы. Ол бұрын қолданылған 1,7 литрлік моторды алмастырды.

Жаңа атмосфералық қозғалтқыштың қуаты 90 ат күшін құрайды. Ол қазіргі күштік қондырғыдан 7 ат күшіне қуаттырақ және 24 Нм-ге жоғары тарту күшіне ие.
АВТОВАЗ өкілдерінің айтуынша, қозғалтқыштың жаңаруы жанармай шығынына да оң әсер еткен. Соның нәтижесінде көліктің отын үнемділігі жақсарған.
Сондай-ақ инженерлер тұрақтандырғыштың бекіту нүктелерін қайта қарастырған. Бұл көліктің басқарылуын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек алдыңғы оське желдетілетін тежегіштер орнатылып, шанақтың кейбір панельдерін екі жағынан мырышталған болаттан жасауға көшу қарастырылған. Бұл өз кезегінде көліктің беріктігі мен коррозияға төзімділігін арттыруға ықпал етеді.
Niva салоны өзгерді
Niva-ның салоны да айтарлықтай жаңартылған. Ең алдымен көзге түсетіні – Granta моделінен алынған рөл. Соның арқасында жол талғамайтын көлік өз тарихында алғаш рет жүргізушіге арналған алдыңғы қауіпсіздік жастықшасымен жабдықталды. Бұған дейін Niva-да тек бір бүйірлік қауіпсіздік жастықшасы болған.

Сондай-ақ беріліс қорабының тетігі жүргізушіге жақын орналастырылған. Ал үлестіргіш қорапты басқару жүйесі екі тетіктің орнына бір тетікпен басқарылатын болды.
Тағы бір жағымды жаңалық – жаңартылған Niva-да есік құлыптары мен тұтандыру жүйесіне арналған екі бөлек кілттің орнына бір ғана әмбебап кілт қолданылады.

Дегенмен АВТОВАЗ өкілдері әзірге жаңартылған Lada Niva Legend моделінің нақты қашан өндіріске шығатынын жарияламады.
Еске салсақ, жыл басында АвтоВаз компаниясы бензин мен сығымдалған метан (CNG) отынымен жүретін жаңартылған Vesta CNG сатылымға шыққанын хабарлаған.