
Елдегі полиция бөлімшелерінде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен мыңдаған қызметтік көлік әлі күнге дейін қолданыста жүр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Kursiv.media сауалына берген жауабында мәлімдеді.
7 жылдан асқан 9 мыңнан аса қызметтік көлік бар
Ведомствоның мәліметінше, ішкі істер органдарының балансында пайдалану мерзімі 7 жылдан асқан 9345 автокөлік бар. Соған қарамастан министрлік бұл көліктер техникалық тұрғыдан пайдалануға жарамды екенін атап өтті.
«Бұл жағдай барлық өңірде орын алған. Жаңа автокөліктерді бөлер кезде жағдайы күрделі аудандарға басымдық беріледі. Сондай-ақ өңірдің географиялық және жол ерекшеліктері ескерілуге тиіс», – деп мәлімдеді.
ІІМ түсіндіруінше, полиция бөлімдерінің қызметтік көліктері облыстық бюджет есебінен сатып алынады. Алайда жергілікті бюджеттен сұралған қаржы көлемі жыл сайын толық бөлінбейтіндіктен, автопаркті толық жаңарту мүмкін болмай отыр.
Жарамсыз көліктерді ауыстыру туралы шешімді кім қабылдайды
Ведомствоның мәліметінше, қызметтік көліктердің техникалық жағдайын полиция бөлімшелерінің өздері бақылайды. Ал жарамсыз деп танылған автокөліктерді ауыстыру туралы шешімді арнайы комиссия қабылдайды.
Көлік бұзылған жағдайда оны жөндеу жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүргізіледі. Ол үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы мамандандырылған ұйымдар тартылады. ІІМ жөндеу көлемі бөлінген қаржыға байланысты жүзеге асырылатынын атап өтті.
Полиция көліктеріне жанармай қалай бөлінеді?
Kursiv.media редакциясы қызметтік көліктерге жанар-жағармай қандай тәртіппен бөлінетінін де сұрады. Министрліктің мәліметінше, қызметтік көліктерге жанар-жағармай беру тәртібі Үкімет қаулысымен реттелетінін хабарлады. Жанармай көлемі автокөліктің жүріп өткен қашықтығына сәйкес есептеледі.
Учаскелік инспекторларға көлік қалай беріледі?
Ауылдық учаскелік полиция инспекторларының қызметтік көліктері де жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Әкімдіктер бөлген қаражатқа сатып алынған көліктер полиция бөлімшелеріне таратылады. Ал полиция департаменттері қажеттілікті жыл сайынғы жоспарға енгізіп, оны жергілікті атқарушы органдармен келіседі.
Бұған дейін, Алматы полицейлері қызметтік көлігін тастап, азаматтық жеңіл көліктерге ауысатынын жазғанбыз. Ведомство «жасырын» жұмыс істеудегі мақсат – жолда агрессивті көлік айдайтындармен күресу екенін мәлімдеген.