
Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына қарсы «Қарасора» операциясы басталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Іс-шара барысында құрамында есірткі бар өсімдіктердің заңсыз егістіктері мен олардың жабайы өсетін ошақтарын анықтау және жою жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ есірткі плантацияларын жоюға ерекше көңіл бөлінеді.
«Сонымен қатар полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілерін, есірткіні сақтау орындарын анықтау және синтетикалық есірткі өндіруге байланысты заңсыз әрекеттердің жолын кесу бойынша жұмыстар жүргізеді. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның және жергілікті атқарушы органдардың едәуір күштері мен құралдары жұмылдырылады», – делінген хабарламада.
Операция аясында рейдтер мен тексерулер жүргізіліп, егістік жерлер мен аумақтарға мониторинг жасалады.
ІІМ есірткіге қатысты заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертіп, азаматтарды күдікті жағдайлар туралы полицияға хабарлауға шақырады.
Еске салсақ, Қазақстанда әкімшілік істерге рақымшылық жасау аясында 500 мыңнан астам азаматтың айыппұлы кешіріледі. Ішкі істер органдарының құзыретіне жататын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 58-бабы амнистия шарасының аясында қарастырылып отыр.