Жаңалықтар

Орта мектеп бітірген қазақ қызы әлемнің 80 оқу орнынан шақырту алды

Медина Нұрәлі әлемнің 80 оқу орнынан шақырту алды
Орта мектеп бітірген Медина Нұрәлі маңызды таңдау жасады / фото: Оқу-ағарту министрлігі

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орта мектеп бітірген Медина Нұрәліге әлемнің 80-нен астам жоғары оқу орны шақырту жіберді. Қазақ қызы IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырған.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Медина Нұрәліге АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, БАӘ және Еуропаның жетекші жоғары оқу орындары ұсыныспен шықты.

«Беделді халықаралық университеттер талапкердің академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қабілеттері мен қоғамдық белсенділігін жоғары бағалап, оқу және гранттық мүмкіндіктер ұсынған», – деп таратты министрлік.

Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, әлемнің жетекші университеттерінде оқуға лайықты екенін дәлелдеді.

Оның басқа да жетістіктері жетерлік. Оқушы ғылыми, зияткерлік және қоғамдық жобаларға белсенді қатысты. Мәселен, ағылшын тілі пәнінен республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын иеленіп, республикалық «Ой зерек» олимпиадасының жеңімпазы атанды.

Ұсыныс көп болғанына қарамастан, Медина таңдау жасады. Министрлік мәліметінше, ол Оңтүстік Кореядағы Inha University-ді таңдауға ниет білдіріп отыр.