
Петропавл қаласының 44 жастағы тұрғыны Павел Тимофеев ішкиім сататын шағын дүкенді тонап, тауарды арзан бағамен сатқан. Ұрлыққа қатысты сот шешімі шықты.
Бұған дейін сегіз мәрте сотталған тұрғын осы жолы сауда орталықтарының біріндегі ішкиім бутигіне көз салған. Halyqstan телеграм-арнасының мәліметінше, ол шағын дүкендегі бюстгальтерлерді ұрламақ болған.
Еш жерде жұмыс істемейтін Павел 11 төстартпаны күрткесінің астына тығып, бутиктен шығып кетуге оқталған. Алайда шығаберістегі дабыл жүйесі бірден тауар ұрланғанын хабарлаған.
Саудагер тауарды қайтаруды талап еткен уақытта ер азамат олардың бірнешеуін қолына ұстатып, қалған олжамен қашып кеткен. Ол сауда үйінің бірінші қабатына түсіп, сол жерде ұрланған ішкиімдердің бірнешеуін сатып үлгерген.
Содан кейін күдікті тағы бір сауда орталығына соғып, ол жерде үш шалбар ұрлап, екеуін арзанға сатып жіберген. Алайда ол күзетшілерге ұсталып қалған.
Тимофеев сот шешімімен үш жыл жеті айға сотталды. Үкім әлі күшіне енген жоқ.