Жаңалықтар

Елде қант өндірісі 7 есеге жуық төмендеп кетті

Елде қант өндірісі 7 есеге жуық төмендеп кетті
Елде қант өндірісі 7 есеге жуық төмендеп кетті/ фото: kursiv.media

Қазақстанда қант өндіру көрсеткіші күрт төмендеп кетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында отандық қант зауыттары 9,5 мың тонна өнім шығарған.

Finprom жазуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей болып отыр. Мәселен, былтыр осы уақытта 64,6 мың тонна қант өндірілген еді. Яғни, биылғы көрсеткіш 6,8 есеге азайып кеткен.

Салдарынан еліміздегі жалпы қант қорындағы отандық өнімнің үлесі 28,2%-дан 7,1%-ға дейін құлдырады. Қазір нарықтың негізгі бөлігін (92,9%) сырттан әкелінетін импорттық қант құрап отыр.

Өндіріс көлемінің азаюы ішкі сұраныстың кемуімен және экспорттың, дәлірек айтқанда, сырттан әкелінген қантты қайта экспорттаудың азаюымен байланысты. 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстаннан өзге елдерге 30 мың тоннадан астам қант жөнелтілген. Бұл елімізде өндірілетін қанттан 3 есе көп. Дегенмен экспорт көлемі де өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,6 есе азайған.

Сонымен қатар, дәл осы кезеңде ішкі нарықта қант сату көлемі де 30,5%-ға азайып, 104,6 мың тоннаны құрады. Мұндай үрдіс еліміздің сыртқы өнімге тәуелділігі артып жатқанын көрсетеді. Тіпті алдағы уақытта азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін.

Айта кетейік, Қазақстан май өңдеп сатып, шамамен 1 млрд доллар табыс тапқан.