
Петропавлда отбасылық жанжал кезінде анасын пышақтаған әйелге қатысты сот үкімі шықты.
Сот шешімімен 34 жастағы Алмагүл Қожымова 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Қайғылы жағдай былтыр 17 қазанда Заречный кентінде болған. Адамдар автобус аялдамасының маңынан 57 жастағы әйелдің мәйітін тауып алған.
Кейін полиция оның өліміне туған қызының қатысы бар екенін анықтады. Іс материалдарына сүйенсек, анасы қызының үйінде уақытша тұрып келген. Олардың арасында ақшаға байланысты ұрыс шығып, жанжал кезінде қызы анасының кеудесіне пышақ салған», – деп жазады Qazaqstan Media.
Жарақат алғаннан кейін анасы пәтерден шығып, ауылдағы таныстарына қарай жаяу тартқан. Алайда жолда жағдайы күрт нашарлап, аялдаманың жанында есінен танып, көз жұмған.
Сот істі жарты жыл тергеді. Осы уақыт бойы айыпталушы әйел тергеу изоляторында отырды. Ол сотта кінәсін ішінара ғана мойындады.
Облыстық соттың мәліметінше, сотталушының кінәсі куәгерлердің түсініктемелерімен және сараптама нәтижелерімен толық дәлелденген.
Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленуші тарап, керісінше, әйелге тым ауыр жаза бермеуді өтінген.
Қылмыстық іс «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, байқаусызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» бабы бойынша қаралды. Бұл бап бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Сот айыпталушының істеген ісіне өкінгенін және оның артында 13 жастағы ұлы қалғанын ескерді. Қылмысты ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Нәтижесінде әйел орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтеу үшін 9 жылға сотталды», – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік. бұған дейін марқұм Яна Легкодимованы өлтіргендер жазасын қайда өтеп жатқанын жазған едік.