Жаңалықтар

Яна Легкодимованы өлтіргендер жазасын қайда өтеп жатыр

Яна Легкодимованың анасына қылмыскерлердің жаза өтеу орны айтылмады
Фото: Яна Легкодимова Instagram парақшасынан

Марқұм Яна Легкодимованың анасы қызының өліміне кінәлі деп танылған сотталғандар жазасын қайда өтеп жатқанын білу үшін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне хабарласқан. Алайда ведомство бұл ақпаратты беруден бас тартты.

Ақ жайық басылымының мәліметінше, Галина Легкодимованың өтінішіне берген жауабында комитет сотталғандардың заңды күшіне енген сот үкіміне сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқанын атап өткен.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті нақты жаза өтеу орны туралы мәліметті құпия қалдырды.

Ведомство сотталған адамның басқа жерге ауыстырылғаны туралы ақпарат тек оның жақын туыстарына немесе сотталған адамның өзі көрсеткен тұлғаларға ғана жіберілетінін, ал жеке іс құжаттарындағы мәліметтер құпия екендігін түсіндірді.

«Сотталғандардың қайда отырғанына қатысты қазірдің өзінде түрлі болжамдар айтылып жатыр. Бұған дейін олардың өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар жазасын өтейтін «Қара бүркіт» мекемесіне этаптағаны хабарланған. Соңғы уақытта басқа да ресми емес мәліметтер шықты, бірақ бұл болжамдардың ешқайсысы ресми түрде расталған жоқ», – деп жазады басылым.

Галина Легкодимова бұл сұрауды жай ғана қызығушылықтан емес, қылмыскерлердің заңда көзделген мекемелерде шынымен жазасын өтеп жатқанына көз жеткізу үшін жібергенін айтты.

«Мен енді ғана сәл де болса есімді жия бастадым. Бұл сұрауды олардың тиісті жерде отырғанына көз жеткізу үшін ғана жолдадым. Жаңа өмір бастап, басқа қалаға көшіп, әрі қарай өмір сүруді үйренгім келді. Бірақ бұл жағдай әлі күнге дейін жіберер емес. Маған олардың өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқанын және мұндай қылмыс жасаған адамдар үшін қарастырылған тиісті жағдайда отырғанын білу маңызды», – деді қаза тапқан бойжеткеннің анасы.

Яна Легкодимова өлімі

Қайғылы жағдай 2024 жылдың 18 қазанында болған. Яна Легкодимова танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Тіпті сырт киімін де алмаған. Қызды көлікке отырғаннан кейін ешкім көрмеген.

Анасы іссапардан келгеннен кейін бірден дабыл қағып, тергеу барысында полиция қыздың күнделігін тапқан. Ол жерде Р. есімді жігіттің аты аталған. Сол арқылы 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Қамитовті тапты.

Ризуан Янаны көлік ішінде буындырған. Ал Алтынбек қыз қашып кетпеуі үшін есікті ұстап тұрған. Кейіннен олар Талдыкөл ауылына қарай барып, қыздың мәйітін Жайыққа тастаған

2025 жылы Атырауда 23 жастағы бойжеткенді өлтіргендер өмір бойына сотталды.