
Дания құрамасының жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксен Украина командасына қарсы өткен жолдастық кездесуде есінен танып қалды. Бұл туралы Дания футбол одағы ресми мәлімдеме жасады.
Ойынның екінші таймында 34 жастағы футболшы кенеттен жүрегін ұстап, алаңға құлаған. Дәрігерлердің жедел көмегінен кейін спортшы есін жиды.
«Кристиан Эриксен есін жиды, өзін жақсы сезініп тұр», – делінген Дания футбол одағының ресми хабарламасында.
Ойын 2:1 есебімен даттықтардың пайдасына болып жатқан еді. Екі жақтың келісімі бойынша үзілген матч толығымен тоқтатылып, кейінге шегерілмейтін болды.
Айта кетейік, 2021 жылдың маусым айында Еуропа чемпионаты аясында өткен Дания – Финляндия матчында Кристиан Эриксеннің жүрегі тоқтап қалған еді. Сол оқиғадан кейін спортшы кеудесіне кардиостимулятор (жүрек ырғағын реттейтін құрылғы) орнатып, футбол ойнауды жалғастырып келеді.
Бұған дейін, Алматыда 19 жастағы футболшы Диас Төлеу ойын алаңында есінен танып, қайтыс болған.