
Қарағанды облысында болған жол апатынан көкшетаулық «Елімай» клубының 29 жастағы футболисі әрі «Скаут» балалар командасының бапкері Илья Буртовой қаза тапты.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, апат 6 маусым күні Абай – Қарағанды тасжолында, Дубовка кентіне таяу жолдың 1-шақырымында болған.
«Chevrolet Cobalt» автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан ол 44 жастағы азамат тізгіндеген «Opel Vectra» көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан «Chevrolet Cobalt» жүргізушісі мен оның екі жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Илья Буртовой ауыр халде көпбейінді ауруханаға жатқызылған еді. Алайда оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Қарағанды облысының полиция департаменті жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы бағытқа шығу және рөлдегі ұқыпсыздық жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері болып қала беретінін ескертті.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдарда барынша абай болуға шақырды.
Еске сала кетейік, Илья Буртовой футболдағы мансабын 2015 жылы «Шахтер-Болат» құрамында бастаған. Кейінірек ол қарағандылық «Прогресс» сапында футзалдан өнер көрсетті, сондай-ақ FC BIRLIK әуесқой клубы үшін ойнап, онымен бірге шағын футболдан әлем чемпионатына қатысты.
Ал 2025 жылы Көкшетаудың «Елімай» командасы үшін Қазақстан Кубогы мен Бірінші лигада бағын сынаған болатын.
Айта кетейік, 2025 жылдың қазан айында «Хан Тәңірі» клубының 19 жастағы ойыншысы Диас Төлеу матч кезінде есінен танып, ойын алаңында қайтыс болған еді.