
Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаева ісінде жаңа деректер шықты. Марқұмның ата-анасы мен отбасының адвокаты Германияның сот-медициналық сараптамасы қорытындысын ресейлік журналист Ксения Собчакқа берген сұхбатында жариялады.
Айгүлдің анасы Шолпан Батқалованың айтуынша, неміс сарапшылары ішінде жеті айлық баласы бар жүкті әйелді қатыгездікпен өлтірген деген қорытынды шығарған.
«Сараптама қорытындысы Айгүлдің денесіне 30-дан астам пышақ жарақаты келтірілгенін көрсетті. Одан бөлек басының артынан екі соққы жасалған. Сараптамада алдымен оның есінен танып қалғаны, кейіннен қой сияқты сойып тастағаны айтылған. Денесін бөлшектеп, басын кесіп алмақ болған болуы да мүмкін. Басына қандай да бір химиялық сұйықтық құйған. Себебі шашы жоқ, көзі көрінбей қалған», – дейді марқұмның анасы.
Айтуынша, қызы енесі Наталья Донцовадан үнемі қысым көргенін айтып шағымданған. Алайда Шолпан Батқалова күйеуінің анасын сыйлауға шақырып, екеуінің арасы нашарлағанын қаламаған. Айгүл Сайлыбаеваның құрбысы Малика Текенова да мұны растаған. Ол кейінгі уақытта Айгүл телефон қоңырауларына жауап бермей, хатқа да жауап қайырмағанын айтады.
Отбасының адвокаты Жанна Оразбақова кісі өлтіру бірнеше адамның қатысуымен жасалғанын, ал марқұмның күйеуі Александр Донцов кем дегенде қылмыстың ізін жасыруға көмектескенін мәлімдеді.
Сөзінше, пәтер ішінде адамдар арасындағы арпалыс ізі табылған. Ал үйдің жертөлесінен қан іздері анықталған. Көршілер де айғай-шу естігенін айтқан. Сараптама қорытындысы бойынша, Сайлыбаеваға бір мезгілде бірнеше соққы жасалған.
«Наталья Донцова физикалық тұрғыда адамның денесін ол жертөлеге түсіре алмаған. Сол себепті Александр Донцовтың қылмысты жасыруға қатысты бар болуы мүмкін деп айтып отырмыз», – дейді адвокат.
Айгүл Сайлыбаеваның өлімі
Айгүл Сайлыбаева 2024 жылы 3-4 маусымда хабарсыз кеткен. 16 маусымда пышақталған денесі қала шетінен пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды.
Ол күйеуі және енесі тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Бұл туралы құрбыларына айтып, ұрып-соққанына айғақ болатын фото жіберіп отырған.
Германия тарапы Александрдың анасы – Наталья Донцованы басты күдікті ретінде таныған. Ол Айгүл іс-түссіз кеткен күні Германиядан ұшып кеткен.
