
Салық органдары Қазақстанның әр азаматының тапқан табысы, кірісі мен шығысы, жұмсаған ақшасы жайлы егжей-тегжей ақпарат жинап, бақылап отыр. Салықшылар әйтеуір бір күні кірісің мен шығысыңдағы айырманың себебін сұрап, салық төлегеніңді талап етеді. Салық сарапшысы және Кәсіпкерлерге көмек көрсету республикалық орталығының директоры Дмитрий Казанцев бұл туралы KAST подкастында айтты.
«Егер жұмсаған қаржы мен шығыныңыз ресми жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін табыс және бизнестің иесі ретінде алатын дивидендіңізден аз болса, сізде салық органдарының шаруасы болмайды. Ал егер айлық жалақыңыз ресми түрде 85 мың теңге бола тұра, жылына 5 млн теңгеден аса ақша жұмсасаңыз, осы жерде салық қызметкерлері «жылына 1 млн теңгеге жетер-жетпес ақша алып отырып, 5 млн теңгені қалай жұмсадың, оны қайдан алдың» деп сұрай бастайды», – дейді сарапшы.
Бұл ретте маман үкіметтің басты мақсаты – азаматтардың тапқан табысын ашық көрсетіп, нақты салығын төлеттіру екенін атап өтеді. Салық органдары үш жыл бұрын төлемеген салықты да сұрауы мүмкін.
Оған қоса биыл 20 млн халықтың қаржы ағыны туралы деректерді қамтыған Smart Data Finance жобасы іске қосылды.
Ол жерде адамның қанша қаржысы, қандай дүние-мүлкі бар екені, қанша ақша айырбастағаны, қандай ақция-облигация, алтын сатып алғаны, инвестиция салғаны тіпті қанша ақшаға бәс тіккені мен айына қанша ақша жұмсайтыны, қанша кредит төлейтіні, қайда барып демалғаны, қаншаға билет сатып алғаны жайлы 74 дереккөзден алыған ақпарат жинақталады.
Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салық органдары алғашқы жартыжылдықтың мәліметтерін алып, оларды толық өңдеп біткенін мәлімдеген. Қазіргі уақытта салықтан жалтару қаупі бар, яғни күдікті аударымдарды көп қабылдаған азаматтарға арнайы ескерту хабарламалары жіберіле бастаған.