Жаңалықтар

Ирандағы уран қоры келісімге қарамастан АҚШ бақылауына өтеді – Трамп

Трамп Ирандағы уран мәселесі келісімге тәуелді емес екенін айтты / Фото: shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы жоғары байытылған уранды бейбіт келісімге қарамастан жоюды көздеп отыр.

NBC News телеарнасына берген сұхбатында АҚШ президенті келісім жасалған жағдайда Вашингтон жұмысты Иран билігімен бірлесіп жүргізетінін айтты.

«Егер келісімге келсек, біз дос боламыз және бұл іске бірге кірісеміз. Қолданылатын жабдық біздікі болады. Уранды алып шығып, жоямыз, оны не сол жерде жоямыз, не басқа жерге тасымалдаймыз», – деді Трамп.

Оның сөзінше, егер келіссөздер нәтиже бермесе, Вашингтон мәселені басқа жолмен шешуге дайын.

«Егер келісім болмаса, мәселені әскери жолмен өте қатаң түрде шешеміз», – деді АҚШ президенті.

Трамптың айтуынша, тараптар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жаңа келісімге қол қоюға жақын қалған. Алайда Вашингтон Тегераннан қосымша жеңілдіктер күтеді. АҚШ тек ядролық қару жасаудан бас тартуды ғана емес, сондай-ақ құжатқа ядролық технологияларды сатып алуға немесе алуға тыйым салатын тармақ енгізуді қалайды.

Америкалық БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта Иранның иелігінде шамамен 440 келі жоғары байытылған уран бар. Қордың негізгі бөлігі Исфахан қаласы маңында орналасқан.

Ал Иран билігі бірнеше рет байытылған уран қорын АҚШ-қа беруге ниетті емес екенін мәлімдеген.

Алайда The Wall Street Journal дерегіне сүйенсек, Тегеран алдағы келісімдер аясында жоғары байытылған уранды үшінші елге шығаруға келісуі мүмкін.

Еске салсақ, осыған дейін БҰҰ-ның ядролық бақылау жөніндегі басшысы Рафаэль Гросси егер АҚШ пен Иран Тегеранның даулы ядролық бағдарламасы бойынша келісімге келетін болса, Қазақстан Иранның уран қорларын қабылдауды ұсынғанын мәлімдеді.