Жаңалықтар

Қазақстандықтар Қырғызстаннан көбірек баспана сатып ала бастады

фото: shutterstock

Соңғы уақытта қазақстандықтар Қырғызстаннан баспана сатып алуды жиілеткен. 2025 жыл мен 2026 жылдың бірінші тоқсанында олар көрші елден 424 жылжымайтын мүлік нысанын сатып алған.

Қырғызстанда шетел азаматтарының жылжымайтын мүлік сатып алуына қатысты статистика жарияланды. Мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтар Қырғызстанда жылжымайтын мүлік сатып алатын шетелдіктер арасында алдыңғы қатарда тұр.

Бұл деректерді Қырғызстан Жогорку Кеңешінің депутаты Дастан Бекешев Мемлекеттік кадастр мәліметтеріне сілтеме жасап келтірді.

«2025 жыл мен 2026 жылдың бірінші тоқсанында шетел азаматтары ел аумағынан 2408 жылжымайтын мүлік нысанын сатып алды. Ең көп мәмілені Ресей азаматтары жасаған – 1238. Екінші орында 424 нысан сатып алған Қазақстан азаматтары тұр. Одан кейін Қытай азаматтары – 311, Түркия азаматтары – 145 және Германия азаматтары – 56 нысан сатып алған», – деді депутат.

Бір қызығы, жарияланған деректер Қырғызстанның жылжымайтын мүлік нарығын Қытай азаматтары жаппай сатып алып жатыр деген кең тараған пікірді жоққа шығарады.

Депутаттың айтуынша, 2025 жылы Қытай азаматтары 272 жылжымайтын мүлік нысанын сатып алса, 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы 39 нысан алған. Сатып алынған мүліктің жалпы ауданы 32,5 мың шаршы метрді құраған.

Мәселенің ауқымын түсіндіру үшін Бекешев тағы бір көрсеткішті келтірді. Оның айтуынша, 2025 жылы Қырғызстанда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша 62 мыңнан астам мәміле тіркелген. Осылайша, Қытай азаматтарының үлесі нарықтың шамамен 0,44 пайызын ғана құраған.

Сонымен қатар депутат шетелдіктердің жылжымайтын мүлік сатып алуын бақылауды жалғастыру маңызды деп санайды. Оның пікірінше, шетелдіктер сатып алатын нысандардың иелері мен орналасқан жерін, әсіресе стратегиялық және шекара маңындағы аумақтарда, бақылап отыру қажет.

Еске салайық, қазақстандықтардың шетелдегі активтері туралы тың дерек белгілі болды. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, отандастарымыз өзге мемлекеттерде 10 мыңға жуық жылжымайтын мүлік нысанын декларациялаған. Бұл көрсеткіштер 2024 жылдың қорытындысы бойынша тапсырылған 250.00 және 270.00 нысандағы декларациялар негізінде жасақталған.