
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қазір кезінде өзі негізін қалаған «Аманат» партиясының мүшесі емес және партиядағы қазіргі өзгерістерге қатысы жоқ. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Азаттыққа берген жауабында мәлімдеді.
«Нұрсұлтан Әбішұлының партияға қандай қатысы болуы мүмкін? Ол президенттік өкілетін 2019 жылы тоқтатты», – деді Үкібай.
Оның сөзінше, Назарбаев бүгінде саясатқа араласпайды.
Еске салайық, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басшысы қызметінен кеткеніне биыл 7 жыл. Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызы сағат 19:00-де қазақстандықтарға үндеу жасап, бірнеше жыл ойында жүрген шешімін жариялады.
Алайда ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және сол кездегі «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясының жетекшісі қызметтерін сақтап келген.
Соңғы рет ол көпшілік алдына 15 наурызда, Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты референдум кезінде шықты.