
Қазақстанда мас күйде бірнеше адамды қағып өлтіргендер ең көп дегенде 10 жылға сотталады. Бұл қылмыстық кодекстің 345-1-бабында көрсетілген. Заңға сәйкес, абайсызда екі немесе одан көп адам қайтыс болса, айыпты кем дегенде жеті жыл түрмеде отыруға тиіс. KursivMedia осы бапқа қатысты мамандар пікірін біліп, шетелдердегі жаза мерзіміне шолу жасады.
Статистикаға қарасақ, 2026 жылдың бес айында мас жүргізушілер кінәсінен 144 жол апаты тіркеліп, 4 адам қаза тапты, 212 адам жарақат алды. 2025 жылы 673 жол апаты болып, 56 адам қаза тапты, ішінде бір бала бар.
Жазаны қатаңдату керек
Заңгер Мейірман Шекеев мұны заңдағы қателік деп атады.
«Ішіп алып рөлге отырса да, абайсызда жасалған әрекет деп сараланады. Екі не одан да көп адамды өлтірсе де, 10 жылдан артық бере алмайды. 100 адамды қағып кетсе де, 10 жылдан артық мерзімге соттай алмайды. Сот жаза шеңберінен шыға алмайды. Бұл бапты қатаңдату керек. Осы әрекеті үшін сотталғандар жазасын қауіпсіздігі ауыр мекемеде өтемейді. Жатақхана түріндегі колонияда отырады. Яғни, жұмысқа да, басқа жерге де барып, түнде ғана қонады. Қытайда масаң күйде рөлге отырып, адам қағатын болса, ату жазасы көзделген», – дейді Мейірман Шекеев.
Сондай-ақ қылмыстық кодекстің 73-бабында жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру, не жаза мерзімін қысқарту талаптары көрсетілген. Заңгердің айтуынша, мас күйде кісі қаққандарға да бұл бап қолданылады.
«Азаматтық талап арызды орындаса, жазаның 1/3 бөлігін өтегеннен кейін шығып кете алады», – дейді Шекеев.
Әл-Фарабидегі апат
Алматыда 21 наурызға қараған түні жол апаты болып, салдарынан 3 адам қаза тапты. Сотталушы Александр Пак сол түні масаң күйде болып, 219 км/сағат жылдамдықпен жүрген. Осылайша ішінде үш адам болған көлікті соққан. Үшеуі де оқиға орнында қайтыс болды.
Сотта Пак өзіне тағылған айыпты мойындап, қайтыс болғандардың отбасынан кешірім сұрады. Жәбірленуші тарап та сотталушыны кешіргенін айтып, оның материалдық және моральдық шығынды толық өтегеніне сілтеп, жазасын жеңілдетуді сұрап отыр.
Істегі адвокат Олег Черновтың айтуынша, бұл бап бойынша кінәлі деп танылған адам қандай жағдайда да жаза арқалайды. Себебі қылмыстық кодекстің 345-1-бабы санкциясында бас бостандығынан айырудан басқа жаза қарастырылмаған. Ал сотталған мен жәбірленушілердің татуласуы жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қабылданады.
Шет елдердегі заң
Ресей Федерациясының қылмыстық кодексіне қарасақ, мас күйде бірнеше адамды қағып өлтірген адамға 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал Өзбекстанның қылмыстық кодексінде жол қозғалысы ережелерін және көлікті пайдалану қағидаларын бұзудан бірнеше адам қайтыс болса, кінәлі 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қырғызстанда мас күйде көлік айдағандарға жаза күшейтіліп жатыр. 2026 жылдың мамырында Жогорку Кеңеш заң жобасын мақұлдады. Соған сәйкес, жол апатынан адам қаза тапса немесе денсаулығына ауыр зиян келсе, кінәлі 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Қазақстанда депутаттар бұл бап бойынша сотталғандарға рақымшылық жасамау керек деген пікірде.
«Рақымшылық жасауға болмайды»
Елде жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты әкімшілік және қылмыстық істер бойынша рақымшылық жасалады.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Мұрат Әбенов жылдамдықты асырып, адам қаққандарға рақымшылық жасамауды ұсынғанын айтты.
«Бұл ұсынысты ішкі істер министрлігі, депутаттар қолдады. Көлік жылдамдығын асыруды ауыр қылмыс түріне жатқызбасақ болмайды. Бұл қасақана жасалған қылмыс. Бірақ біздің заңнамаларда бұл орта қылмыс және абайсызда жасалған деп саналады. Қоғамның сұранысы бойынша мұндай әрекетті ауыр қылмыс дәрежесіне көтермесек болмайды. Олар айыппұлдан да қорықпайды, зақым келтірген адамдарға ақша төлей саламын, әрі қарай да солай жүре беремін деп ойлайды», – дейді депутат Әбенов.
Айтуынша, Германияда қала ішінде жылдамдықты асырып көлік жүргізу адамдарға қауіп төндірсе, қасақана жасалған ауыр қылмысқа жатқызылады. Депутат мұндай әрекеттен адам қайтыс болса, азаматты өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру қажет деп санайды.
Қазақстанда заң қашан өзгерді?
Қазақстанда мұндай іс тараптардың бітімге келуіне байланысты тоқтатылмайды. Бұл өзгеріс 2013 жылы Мақсат Үсеновке қатысты істен кейін енгізілді.
Шенеуніктің ұлы Мақсат Үсенов сол жылы тротуарда тұрған алты адамды қағып кетті, бір адам сол жерде қайтыс болды. Қайтыс болған адамның әкесі екі жақ татуласқанын айтып, қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Көлік рөлінде болған Мақсат Үсеновті кешіргенін айтып, талап қоймаған. Осыған сүйеніп қылмыстық іс тоқтатылды, айыппұл төлеп, қамаудан босап шықты. Артынша апелляциялық сот оны 45 күнге қамау туралы шешім қабылдаған. Үсенов 2 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Алайда араға бір жыл салып, 2014 жылы Мақсат Үсенов Алматыда тағы бір адамды қағып кетті. Жарақат алған әйел аурухана жеткізілді, Үсенов 20 күнге қамалды.
Содан кейін қылмыстық кодекстің 67-бабына (ынтымақтастық туралы процестік келісім талаптары орындалған кезде қылмыстық жауаптылықтан және жазаны өтеуден босату) өзгеріс енгізілді.
