Жаңалықтар

Ақтауда түзету орталығының терезесінен сегіз жасар бала құлап көз жұмды

Ақтауда бала терезеден құлап кетті
Ақтауда бала терезеден құлап кетті / фото: kursiv.media мұрағаты

Ақтауда даму ерекшілігі бар сегіз жасар бала түзету орталығының үшінші қабатынан құлап кетіп, кейін алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.

КТК арнасының мәліметінше, қайғылы оқиға екі ай бұрын болған.

Бейнебақылау камераларының жазбаларына сәйкес, бала сыртқа құлап кеткен затты алу үшін терезенің алдына шығып, әрі қарай құлап кеткен. Сол сәтте бөлмеде үлкендерден ешкім болмаған.

Баланың туыстары қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын айтып, мекеме қызметкерлерін жазалауды талап етіп отыр.

Олардың сөзінше, бөлмедегі терезелерге қорғаныс торлары орнатылмаған, ал ерекше қажеттіліктері бар балалар ересектердің қарауынсыз қалған.

«Мен ғимараттағы мәселелерді бірнеше рет айтқанмын. Онда заңбұзушылықтар болды, терезелерде қорғаныс торлары жоқ еді. Жалпы, даму ерекшеліктері бар балалар неліктен үшінші қабатта болды деген сұрақ туындайды? Мен кінәлілердің анықталып, жазаға тартылуын талап етемін», – деді қаза тапқан баланың атасы Мақсат Дәулетов.

Бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Ол медициналық мекемеде екі айға жуық жатты, бірақ дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмады.

«Бұл жағдайда балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Терезелерде қорғаныс торлары болмаған. Оның үстіне, балалар ересектердің қарауынсыз қалған. Сондай-ақ, түзету орталығына тиісті құжаттарды рәсімдеусіз берілгені анықталды. Бұл үлкен сұрақ туғызады», -деді Маңғыстау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Тілектес Болатбаева.

Қайғылы оқиғадан кейін түзету орталығы жабылды.

Айта кетейік, елде жыл басынан бері 44 бала терезеден құлап, оның төртеуі көз жұмды.