Авто

Астанада газбен жүретін Toyota Aristo әп-сәтте жанып кетті

Астанада газбен жүретін Toyota Aristo әп-сәтте жанып кетті / Фото: видеодан скриншот, бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев

9 маусымда Астанада Тәшенов көшесінде газбаллонды жабдығы бар Toyota Aristo көлігі өртенді. Бұл оқиға туралы Astanovka98 телеграм-арнасы хабарлады.

Елорда тұрғыны Даниланың айтуынша, көлікпен келе жатқанда алдымен түтін шығып, артынша көлік әп-сәтте өртеніп кеткен.

«Әдеттегідей келе жатқам, кенеттен неден екені белгісіз түтін шықты. Сосын газ жана бастады. Капотты ашқанымда от лап етіп, мені сәл шарпып өтті», – деп еске алады жүргізуші.

Оның айтуынша, өрт кезінде оқиға орнынан полиция қызметкерлері өтіп бара жатқан.

«Полиция экипажы өтіп бара жатқан сәт болды. 10 шақты көлік, бәрі жаңа. Бірақ олар жай ғана айналып өтіп, ТЖМ-ді шақыруды айтты», – деп мәлімдеді Данила.

Өрт сөндірушілер өрт басталғаннан кейін шамамен 10 минуттан соң жетті, алайда сол уақытта жеңіл көліктен түк қалмаған еді.

«Маған оны есептен шығарып, металл сынығына өткізу ғана қалды. Дегенмен көлік өте сапалы еді. Менің кеңесім – адамдар газ қондырмасын», – деді астаналық тұрғын.

Ол 1996 жылы шыққан Toyota Aristo көлігін газбаллонды қондырғысымен қоса 2,2 миллион теңгеге сатып алғанын қосты. Даниланың айтуынша, сақтандыру шығынды тек жол-көлік оқиғасы кезінде ғана өтейді.

Айта кетейік, осыған дейін Қарағанды облысының Шахтинск қаласында  автобустан өртшығып, қасындағы екі көлік жанып үлгерген.