Банк пен қаржы

ЕО Ресейге қарсы санкцияларын екі есе күшейтеді: жаңа шектеулерде 90 банк бар

Еуропа одағы
Брюссель Мәскеуге қарсы санкцияларды күшейтеді / фото: shutterstock

Еуропа одағы 10 маусымда Ресейге қарсы санкциялардың 21-топтамасын ұсынады. Бұл жолы шектеулерге 90 банк ілінгелі отыр.

Брюссель әрекетке көшті

Ұйым елдері Ресейдің қаржы саласына қарсы шектеулерді күшейткелі жатыр. Reuters мәліметінше, санкциялардың сәрсенбі күні ұсынылатын кезекті топтамасында 90-ға жуық банк бар. Санкциялар Украинаға соғыс жариялаған елдің банк және криптовалюта желілеріне қарсы бағытталған.

Брюссель осы әрекеті арқылы қаржы саласының дағдарысқа ұшырау мүмкіндігін арттырып, Кремльді бейбіт келісімге отыруға итермелегісі келеді. ЕО-дағы бір дипломат ақпарат агенттігіне осылай деген.

«Санкцияларымыздың пайдасы бар. Олар Ресейдің әскери қуатының экономикалық тірегін әлсіретіп жатыр. Бүгін біз 21-топтамамен шектеулерімізді екі есе күшейтеміз», – деп мәлімдеді Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен.

Reuters ЕО осы жолы қаржы саласына қатысты ең ірі топтама қабылдағалы жатқанын жазды. Осылайша шектеуге тап болған банктер саны 100-ден асады. Бұл Ресейдегі халықаралық байланысы бар қаржы ұйымдарының 50%-ынан асады.

Үшінші елдерге қатысты

ЕО олардың активтерін бұғаттап, шетелге сапарлауға, қаржы операцияларын жүзеге асыруға тыйым салуы мүмкін.

Бұған қоса, Еуропа комиссиясы үшінші бір елдердің Ресейге Батыс елдері шектеулерін айналып өтуге көмектесетін 35 банкіне, сонымен бірге ондаған криптовалюта платформасына транзакция жасауға тыйым салуды ұсынады. Reuters дереккөзі осылай деген.

Сонымен бірге, ЕО елдері Ресей жағында соғысқан адамдарды ұйым аумағына кіргізбеу туралы ұсынысты талқылайды.

«Біз соғыс басталғаннан бері Ресей қарулы күштерінде қызмет еткен кез келген адамның Еуропалық Одаққа кіруіне алғаш рет тыйым салуды ұсынамыз», – дейді Урсула фон дер Ляйен.

Еурокомиссия – Еуропа одағының басты атқарушы органы. Комиссия ұсынған санкциялар топтамасын ұйымға мүше елдер талқылайды. Шектеулер шілдеге дейін қабылдануы керек.