Жаңалықтар

Футболдан әлем чемпионаты: Африканың үздік төрешісін АҚШ-қа кіргізбей қойды

Омар Артан / фото: instagram

2026 жылғы футболдан Әлем чемпионаты басталмай жатып, оның айналасында үлкен саяси және спорттық даулар көбейіп жатыр. АҚШ-тың Шекара және кеден қызметі тарихта тұңғыш рет Әлем біріншілігінде қазылық етуге тиіс болған сомалилік төреші Омар Артанды ел аумағына кіргізуден бас тартты. Осы шешімнің кесірінен Африка құрлығының үздік төрешісі Солтүстік Американың үш елі – АҚШ, Канада, Мексикада өтіп жатқан басты додадан шеттетілді.

ФИФА дәрменсіз: Майами әуежайындағы тексеріс

Халықаралық БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, Омар Артан сенбі, 6 маусымда, Ыстанбұлдан Майами халықаралық әуежайына ұшып келген. Шекара қызметінің ресми өкілдері құжаттарды тексеру барысында төрешіні қосымша бақылаудан өткізуді жөн көрген.

«Тексеріс қорытындысы бойынша, саяхатшының (ФИФА ұйымдастырған Әлем чемпионаты төрешісінің) сенімділігіне қатысты күдік туындауына байланысты, оның елге кіру құқығы жоқ деп танылды және визасынан бас тартылды», – деп мәлімдеді АҚШ шекарашылары.

8 маусым күні ФИФА ақпаратты ресми түрде растап, Артан ЧМ-2026 матчтарына қатыса алмайтынын хабарлады. Дегенмен ұйым мәселеге араласа алмайтынын алға тартты.

«ФИФА көші-қон мәселелерімен айналыспайды. Кез келген турнирде кімге виза беріп, кімді елге кіргізу керектігін қабылдаушы мемлекеттің үкіметі өзі шешеді», – деп мәлімдеді ФИФА өкілдері.

Дипломатиялық паспорт та көмектеспеді

Сомалидің Кениядағы елшілігі мен елдің Жастар саясаты және спорт министрлігі Артанда барлық қажетті құжаттың, соның ішінде визалық кедергілерді айналып өту үшін арнайы берілген дипломатиялық төлқұжаттың да болғанын алға тартты. Алайда бұл да көмектеспеген.

Айта кетейік, Омар Артан 2018 жылдан бері ФИФА деңгейіндегі ойындарды басқарып келеді, ал 2025 жылы Африка футбол конфедерациясының нұсқасы бойынша «Жыл төрешісі» деп танылған.

Бұл шешімді АҚШ билігі толық қолдап отыр. Ақ үйдің Әлем чемпионатын үйлестіру тобының басшысы Эндрю Джулиани «Мен нақты компроматтарды аша алмаймын, бірақ шекара қызметінің шешімі өте дұрыс болды және мен оны толық қолдаймын», – деп қысқа қайырды.

Трамптың шектеуі

Сомали АҚШ Президенті Дональд Трамптың елге кіруге тыйым салған арнайы жарлығына енетін елдердің тізімінде бар. Президент Әлем чемпионаты мен Олимпиадаға қатысатын спортшылар үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылғанымен, Артанның жағдайында шекара қызметі жекелей шектеу қойған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Әлем чемпионатына қатысатын Иран құрамасына да АҚШ-қа кіруіне тыйым салынғаны туралы жазған едік.