Жаңалықтар

Hyundai компаниясы 6 млрд долларға Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салады

South Korea's Hyundai wins $6 billion gas plant contract in Kazakhstan
Hyundai Engineering 6 млрд доллардың келісім-шартын алды / shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Оңтүстік кореялық Hyundai Engineering компаниясы Қарашығанақ газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылысына келісімшарт алғанын жариялады. Бұл ақпаратқа ең алғаш болып Energy Monitor Телеграм-арнасының иесі Нұрлан Жұмағұлов назар аударды.

Жобаның негізгі көрсеткіштеріне сәйкес, жаңа зауыт жылына 5 млрд текше метр немесе тәулігіне шамамен 14 млн текше метр газ өңдейді. Ауқымды кешенді тұрғызу үшін 6 млрд доллар көлемінде қаражат жұмсау жоспарланған. Ал зауыттың құрылысы 2026 жылдан басталып, 2030 жылға дейін аяқталуға тиіс.

Hyundai Engineering Co. Ltd. бұл мәліметті өзінің Linkedin желісіндегі парақшасында жариялады. Компания Қазақстандағы ірі газ өңдеу зауытының құрылысы бойынша ынталандыру хатын (LOA) алғанын және бұл оның Орталық Азиядағы ықпалын одан әрі кеңейтетінін мәлімдеді.

Жоба аясында Қарашығанақ өңдеу кешенінің аумағында ауқымды газ өңдеу зауыты мен қажетті инфрақұрылым салынады. Оңтүстік кореялық компания аталған келісім оның газ өңдеу саласындағы тәжірибесін дәлелдейтінін және Орталық Азияның үш негізгі нарығы: Қазақстан, Өзбекстан мен Түрікменстандағы позициясын нығайтатынын атап өтті.

Бюджет дауы және оператордың ауысуы

Bloomberg агенттігінің 2025 жылғы мамырдағы дереккөздеріне сүйенсек, Eni және Shell бастаған халықаралық консорциум Қазақстанға зауыт құрылысының құнын бастапқы 3,5 млрд доллардан 6 млрд долларға дейін өсіруді ұсынған.

Сондай-ақ жобаның тиімділігін қамтамасыз ету үшін қазақстандық тараптан тағы 1 млрд доллар шығынды жабуды талап еткен.

Бұған жауап ретінде Қазақстан жобаны «ҚазМұнайГаз» компаниясына беру мүмкіндігін қарастырды. Өйткені қазақстандық тарап бюджеттің өсуіне де, жобаның аяқталу мерзімінің 2028 жылдан 2030 жылға ауысуына да келіспеген еді.

Сондай-ақ «Energy Monitor» қоры Қарашығанақ акционерлерінің қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр болатын зауытқа инвестиция салғысы келмейтінін хабарлаған болатын.

2026 жылдың сәуір айында Энергетика министрлігі зауыт құрылысының операторы болып «QazaqGaz» компаниясы бекітілгенін мәлімдеді. Министр Ерлан Ақкенженов бұл зауыттың құрылысы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы және 2029 жылға дейінгі газ саласын дамытудың кешенді жоспарының басты элементі екенін еске салды.

Өнімді бөлісу туралы келісімнен (ӨБК) бас тарту

PSA компаниясының мәлімдеуінше, Shell және Eni зауыт құрылысы бойынша соңғы инвестициялық шешім қабылдай алмағандықтан, Қазақстан бұл жобаны қолданыстағы Өнімді бөлісу туралы келісім (ӨБК) шеңберінде қарастыруды тоқтатты.

Анықтама: PSA компаниясы «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорына тиесілі және Қазақстан үкіметінің уәкілетті органы ретінде Энергетика министрлігінің сенімгерлік басқаруында жұмыс істейді.

Уәкілетті орган зауытты Қарашығанақ жобасының операторы арқылы салу техникалық, коммерциялық және заңдық тұрғыдан тиімсіз деп тапты. Қазіргі уақытта ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан зауытты өз бетінше жобалау жұмыстарын бастап кетті.

Бастапқыда Қазақстан бұл зауыт құрылысын акционерлерге қойылатын қаржы талаптарын реттеудің бір жолы ретінде қарастырған еді. Ол бойынша қуаттылығы 4 млрд текше метр болатын зауыт 2028 жылы іске қосылуға тиіс болатын.

Орынбор ГӨЗ-іне тәуелділік және арбитраж

Осы уақытқа дейін Қарашығанақтың шикі газы Ресейдегі Орынбор ГӨЗ-іне өңдеуге жіберіліп келді. 2000-шы жылдары премьер-министр болған Кәрім Мәсімовтің тұсында билік зауытты ел ішінде салудан бас тартып, шикізатты Ресейде өңдеуге келіскен болатын.

Алайда украиналық БАҚ-тың құқық қорғау органдарындағы дереккөзіне сүйеніп хабарлауынша, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Украина Қауіпсіздік қызметінің «Альфа» арнайы жасағының алысқа ұшатын дрондары қуаттылығы жылына 37,5 млрд текше метр болатын Орынбор ГӨЗ-іне соққы берген.

Осы шабуылдар мен одан кейінгі жөндеу жұмыстарына байланысты Орынбор зауыты қазақстандық шикізатты қабылдауды жиі тоқтатты.

Бұл Қарашығанақ кен орнында көмірсутек өндіру көлемінің автоматты түрде төмендеуіне әкеп соқты. Осы тұста сарапшылар Қазақстанның Қарашығанақ бойынша халықаралық арбитражда жеңіске жету мүмкіндігін жоғары бағалап отыр, одан келетін пайда 2-4 млрд долларды құрауы мүмкін.