Банк пен қаржы

IPO: OpenAI ашық нарыққа шыққалы жатыр

OpenAI қожайыны Сэм Альтман
OpenAI бас атқарушы директоры (CEO) Сэм Альтман / фото: REUTERS/Kim Kyung-Hoon

OpenAI компаниясы АҚШ-та Initial Public Offering (IPO) өткізуге өтініш тапсырды. Осылайша жасанды интеллект саласындағы тағы бір алып компания ашық нарыққа шығуға дайындалып жатыр.

Тағы бір ірі ойыншы

ChatGPT дайындаған OpenAI компаниясы 8 маусымда акцияларын IPO-ға шығару жөнінде өтініш тапсырды. Технология саласындағы алып компания ашық нарыққа қашан кіретінін, қанша қағаз сататынын, сауда шарттарын ашып айтпады.

«Уақыт қажет. Өйткені біз әлі іске асырып үлгермеген жайттар бар», – делінген OpenAI мәлімдемесінде.

Reuters дереккөзінің мәліметінше, компания қаржы нарығына шығу арқылы капиталын 1 трлн долларға дейін арттыруды көздейді. Агенттік оның IPO-ға 2026 жылғы қыркүйекте шығуы мүмкін екенін хабарлады. Forbes биылғы наурыздың аяғында OpenAI-дың нарықтағы құнын 852 млрд долларға бағалаған.

OpenAI бәсекені күшейтті

Осының алдында ғана Anthropic компаниясы да IPO-ға шығуға өтініш тапсырғаны мәлім болған. Ол – ЖИ саласындағы әлемдегі ең ірі әрі ең озық зерттеу компанияларының бірі.

Ал миллиардер Илон Маскінің SpaceX компаниясы акциялары осы аптада – 12 маусымда АҚШ-тың Nasdaq биржасында сатыла бастайды. Ол биржада SPCX тикерімен саудаланады. Мамандар осы оқиғаны адамзат тарихындағы ең ірі IPO деп бағалап үлгерді. Әлемнің ең бай адамына тиесілі компания IPO көмегімен 75 млрд доллар тартқысы келеді. Сол кезде SpaceX-тің нарықтағы құны 1,75 трлн доллардан асып жығылуы мүмкін.

Алпауыттар акциясын Сіз де сатып ала аласыз

Қазақстан азаматтары да осы аптада биржаға шығатын SpaceX акцияларын, сонымен бірге алдағы уақытта IPO өткізуді жоспарлап отырған OpenAI мен Anthropic сияқты ЖИ алпауыттарының бағалы қағаздарын сатып ала алады. Отандық брокерлік компаниялар мен заманауи мобильді қосымшалар арқасында АҚШ-тың Nasdaq сияқты ірі қор биржаларында мәміле жасауға болады.

Ол үшін халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі бар отандық брокерлерде (мысалы, Freedom Broker, Halyk Finance, Jusan Analytics) немесе шетелдің ірі платформаларында (Interactive Brokers) инвестициялық шот ашу керек.

Дегенмен сарапшылар сөз болып отырған компаниялардың әлеуеті өте жоғары болғанымен, инвестиция салу барысында баға түрліше құбылуы мүмкін екенін ескертіп отыр.