Жаңалықтар

Министрлік сталкинг үшін жазаны 5 жылға дейін қатаңдатуды ұсынды

Министрік сталкинг үшін 5 жылға дейін жазаны ұсынды
фото: kursiv.kz

Ішкі істер министрлігі қайталанған сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату керек деп санайды. Бұл туралы Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

«Қазіргі таңда сталкинг бойынша Қылмыстық кодекстің 115-1 бап бойынша норманы қатаңдату мәселесі қарастырылуда. Қайталанған қылмысты жасау туралы белгіні кодекске енгізіп, жазаны қатаңдату бойынша ұсыныс жасап отырмыз«, – деді ол.

Айтуынша, қазіргі уақытта сталкинг үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, көп жағдайда 30-40 тәулікке қамауға алу шарасы қолданылады.

Алайда іс жүзінде бұл жаза жеткіліксіз болып шықты, себебі, сотталғандар үкімнен кейін де құрбандарының қыр соңына түсіп алуды жалғастырып келеді.

«Алматы облысында сталкинг жасағаны үшін сотталғаннан кейін де өздерінің қылмыстық әрекеттерін жалғастырып жатқан адамдардың оқиғасы бар», – деді Әділов.

Сонымен қатар министрлік сталкинг жасаған адамды 5 жылға дейін бас бостандығынан айырып, оны орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына ауыстыруды ұсынды.

Сталкинг деген не?

Спикер сталкинг дегеніміз әйелдердің мазасын алу, оларды үйдің кіреберісінде торуылдау, қорқыту екенін еске салды.

«Сталкинг бойынша 274 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 83 іс сотқа жолданды. 59 тұлға сотталды. Некеге мәжбүрлеу бойынша 12 іс сотқа жолданғаны айтылды», – деп атап өтті Санжар Әділов.

Бұған дейін жыл басынан бері сталкинг бойынша 11 мыңнан астам адам қамауға алынғанын жазған едік.