Жаңалықтар

Орталық Азия халқы жас, бірақ елдер арасындағы айырмашылық алшақтап келеді

Орталық Азия халқының медиандық жасы / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

2025 жылғы деректер Орталық Азия демографиялық тұрғыдан әлі де жас өңір екенін көрсетеді. Аймақтағы бес елдің медиандық жасын салыстырғанда, халық құрылымындағы айырмашылық анық байқалады. Тәжікстанда медиандық жас 23,8 болса, Қазақстанда 32,3 жасқа жеткен. Яғни өңірдегі ең жас және ең «ересек» демографиялық құрылым арасындағы айырмашылық 8,5 жылды құрайды.

Мұны жай ғана жас айырмашылығы деп қарауға болмайды. Мұндай көрсеткіш елдердің еңбек нарығына, тұтыну құрылымына, білім беру жүйесіне, әлеуметтік шығындарына және экономикалық даму моделіне тікелей әсер етеді.

Орталық Азиядағы медиандық жас (2025)

🇹🇯 Тәжікстан
23,8
🇰🇬 Қырғызстан
27,7
🇹🇲 Түрікменстан
28,8
🇺🇿 Өзбекстан
29,1
🇰🇿 Қазақстан
32,3

Тәжікстан – Орталық Азиядағы ең жас ел. Медиандық жас небәрі 23,8. Демек, елде жастар үлесі жоғары. Мұндай демографиялық құрылым еңбек ресурстарының көп болуына мүмкіндік береді. Алайда мемлекетке жаңа жұмыс орындарын ашу, білім беру сапасын арттыру және жастарды экономикаға тарту міндеті күшейеді.

Қырғызстанда медиандық жас – 27,7. Бұл көрсеткіш те халықтың жас құрылымын аңғартады. Қырғызстан үшін негізгі мәселе – еңбекке қабілетті жастарды ел ішінде тұрақты табыспен қамту. Экономика жеткілікті жұмыс орнын ұсына алмаса, сыртқы еңбек миграциясы жоғары деңгейде сақталуы мүмкін.

Түрікменстан мен Өзбекстанның көрсеткіштері бір-біріне жақын. Түрікменстанда медиандық жас -28,8, Өзбекстанда – 29,1. Әсіресе Өзбекстан үшін мұның маңызы жоғары: ел халқы көп, еңбек нарығына жыл сайын жаңа буын кіреді. Сондықтан өнеркәсіп, қызмет көрсету, шағын және орта бизнес, экспорттық өндіріс сияқты салалардың дамуы демографиялық қысымды экономикалық мүмкіндікке айналдыра алады.

Қазақстан – өңірдегі медиандық жасы ең жоғары ел. 32,3 – Орталық Азия үшін салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш. Бұл елде халық құрылымы біртіндеп «есейіп» келе жатқанын білдіреді. Мұндай үрдіс еңбек нарығы мен әлеуметтік саясатқа жаңа талап қояды: зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы, денсаулық сақтау шығындары, білікті кадр тапшылығы және еңбек өнімділігін арттыру мәселелері өзекті бола түседі.

Бес елдің медиандық жасының қарапайым орташа мәні шамамен 28,3 жыл. Осы көрсеткіш Орталық Азияның әлемдік өлшеммен алғанда әлі де жас өңір екенін айғақтайды. Бірақ елдер арасындағы айырмашылық үлкен: бір елдерде басты ресурс – жас әрі өсіп келе жатқан халық болса, Қазақстан сияқты елдерде алдағы жылдары еңбек өнімділігі мен технологиялық жаңару маңыздырақ бола береді.

Бұған дейін, Орталық Азиядағы ең үлкен базарларды анықтаған болатынбыз.